27.05.2022
  673


Автор: Ығылман Шөреков

Исатай – Махамбет

Бірінші бөлім
Болмаған жанның таласы,
Атына таныс олардың
Барлық қазақ баласы,
Айып етпе, білгендер,
Сөзімнің болса шаласы,
Арғы атаң Беріш, Байсейіт
Жайық, Наурыз, Тілеуке –
Айтуда солай шамасы.
Қайым қылып заманын
Хандардың бұзған қамалын.
Ұранға шыққан Ағатай,
Бірге туған Есіркеп,
Аруақты бабасы.
Ағатайдың Боқайын
Түрікпеннен бұ да өлді деп,
Қалыңдық ойнап жүргенде
Бегəлідей батырды
Некеден бұрын болды деп,
Жабылған жұрттың жаласы,
Есіркеп пен Жаңғабыл,
Бірге туған жəне Сарт
Жақсының еді жанасы.
Замандасың жүз батыр
Өрбіген Сарттан тұқымнан
Сахи бір жомарт данасы.
Ағайынның арына,
Қарындастың қамына,
Қысқа күнде қырқ шапқан
Қысылқанның панасы –
(1876 1932)
Асыл едің, Исатай,
Ер Тайманның баласы.
Ене жайын сұрасаң
Есентемір Тағашы,
Тағашыда Қожамбет;
Құлқара менен Киікші
Өзіне тете нағашы.
Тарихтап айтпай шешілмес
Өткен күннің жұмбағы.
Туған жерін сұрасаң,
Жайықтың шығыс күн жағы.
Жаз жайлауын сұрасаң,
Өлеңді менен Шідерті,
Үш аңқаты, Барпастау
Бұлардың қатаң шымдағы.
Күз күзеуін сұрасаң:
Бұлдырты мен Жымпиты,
Қалдығайты, Жақсыбай,
Балқашты сала мұндағы.
Қыс қыстауын сұрасаң:
Ойыл да, Қиыл, Жем, Сағыз,
Үйшіктен9 бергі қалың сор.
Қаракөл менен Қарабау
Тайсойған, Бүйрек-құмдағы.
Есі бір нағыз енгенде,
Жасы он беске келгенде,
Қоныс етіп Нарынды,
Қалың елмен бірге өткен
Мың сегіз жүз жылдағы.
Əділдігін сұрасаң:
Қастаспаған момынға
Жəбір-жапа қылмады.
Қайсарлығын сұрасаң,
Бөксе бұрып орнынан
Хан келсе де қыңбады.
9 Үйшік – Гурьев қаласы.
Сабырлығын сұрасаң,
Өзі айтқанда аз сөйлеп,
Кісінің сөзін тыңдады.
Батырылғын сұрасаң,
Қатерін тіккен дұшпанмен
Қан төгіспей тынбады.
Он жасына келгенде,
Бұлбұлдай тілі сайрады.
Жасы он баске келгенде,
Жұрт пайдасын ойлады.
Жиырмаға келгенде,
Жиылған дуды көргенде,
Оза шауып бəйгі алды.
Жиырма беске келгенде,
Астананың қамы үшін
Түн ұйқысын бөлгенде
Түгесілмес қайғы алды.
Отыз жасқа келгенде,
Өлімді жауды көргенде,
Жасақпенен сайланды,
Арыма шыдап тұрман деп,
Он екі ата Байұлын,
Жетібаулы жеті ру
Бермеске жауға айналды.
Адырнасын атқа алып,
Беліне садақ байланды.
Төрт қырланған қу жебе,
Оқтарын атқан тайға алды.
Бір жиырма мал беріп,
Жалғыз өркеш нар беріп,
Қиғыр қылыш, найза өткір
Сатып алды арзан деп,
Көбелі сауыт сайманды.
Тірлік етіп аз күні,
Жазына жайлап, қыс қыстап,
Орда мен Нарын тұрған жер,
Халқына басшы хан сайлап,
Ханның да тəртіп құрған жер.
Кеткен соң босып Ноғайлы,
Қалың орман тоғайлы,
Төрт түлік малға мырғам жер.
Қанша мақтан айтсам да,
Он сан ата ноғайдың,
Қыл жалаулы қалмақтың,
Тоқтамаған сырдаң жер.
Асанқайғы, Телағыс,
Қазтуған менен Шораны
Қапыда алдап ұрған жер.
Қара Иваннан қысылып,
Өкшесін содан ысырып,
Солардың талақ қылған жер.
Мұнда отырсаң, тұтар деп
Хиуа мен Ауған, Бұхардан
Көшінің басын бұрған жер.
Билеп тұрған Қазанды,
Тартқызам деп жазаңды,
Ханның туған шешесі –
Сүйінбике ханымды
Тұтқын қылып бұған жер.
Қашып көшкен ноғайды
Қайырмаққа серт етіп,
Ат сабылтып қуған жер.
Шүйіштің ұлы Қазтуған,
Туған жерін қия алмай,
Еділ менен Жайықтың,
Арасына сыя алмай,
Қонысын жоқтап зар еңірек,
Жаспенен бетін жуған жер.
Солардан қалған қонысты,
Өзімсініп иеленген,
Шаруасы шалқып кенелген;
Кеміп қалған көп дəулет,
Екі-үш жылда жетісіп,
Көп ұзамай төленген;
Жазғы туған құлыны,
Құнандай арда тел емген;
Жесір қатын, жетім ұл,
Жер арқасы байлық пен,
Қазынаға бөленген,
Исатай менен Махамбет,
Тастемір, Дəрі, Балқы би,
Жайылған, Қабыл, Жақсымбет
Өзі бүтін тұрғанда,
Аздары көпке теңелген.
Қасына ерген қарашы:
Алашада Ырсалы,
Ысыдағы Қабыланбай,
Есенқұл, Үбі, Таңатар
Жау дегенде даяр боп,
Аттанып қосы жөнелген.
Есенгелді, Қосқара
Қолына ұстап көк найза,
Көкірегіне жел енген.
Сөз білгенге борыш деп,
Шықпаққа даңқы өрістеп,
Ерлерімді ескерттім,
Бəйіт етіп өлеңмен,
Қалдырмаққа тарихын
Таныстырып ел-елмен.
Тəржіме халін ерлердің
Жырлап жазсаң нетед деп,
Ел үшін еткен еңбегі
Жарыққа шықпай кетед деп;
Көз жұмып дария кешпесең,
Ұяда жаның барында
Сөз түйінін шешпесең,
Жалғанда жазым дүние боқ
Сенен де бір күн өтед деп;
Үйренген бастап бір мінез,
Шабан едім бойкүйез,
Ұйқымнан жатқан оятып,
Тұрғызды сөзбен жетектеп.
Дауысын естіп халқымның
Ұйқымнан жатқан тұрғанмын,
Ел қамын жеген ер үшін
Шыбын жанын пида еткен –
Мен бір даяр құрбанмын,
Ертерек мұнан оянбай,
Елге сөзім жая алмай,
Өмірді босқа өткіздім,
Сөзімді сынға қоя алмай,
Бар күнінде мұршамның,
Ұяқыда жатқан тұра алмай
Ауру едім əлсіреп,
Дəурені озып қор болған;
Қастыққа мінез ар алған,
Алыстан көздеп қаранған,
Ерлерді еске түсіріп,
Шешен бір сөзді қарманған;
Базарға салып барымды,
Баяндап өткен Нарынды,
Бір шығайын арманнан,
Базарға салып барымды,
Кейінгі туған бала үшін,
Білгендерге сана үшін,
Кетейін айтып зарымды.
Тиегі сөздің шешіліп,
Қайнап бір жатқан қалың дерт –
Шиқанның аузы жарылды.
Ел қамын жеген ерлердің
Сөз білген жанда хақы бар,
Жоқтаған күнде арымды...
Исатайдың тұсында,
Бөкейден соң сайланған
Жəңгір деген ханы бар.
Хан деп айта тұрсам да
Білгендерге мəні бар.
Лауазымға керек Раманға
Төлейтін труба басы даны бар;
Хан қарауы қазақтың
Отыз мың үй саны бар;
Ересе болған есепте:
Сексен мыңдай жаны бар;
Үй басына мал санап
Зекет түгел алынар.
Хан салығы сол болып,
Қазынаға салынар.
Он екі уезд орнына
Əр ұруға би қойған
Əдет-ғұрпы, заңы бар.
Дін ықтияр берілген –
Мекемелі мүфтилі
Шарғымен жанған шамы бар.
Берішке деген билікті
Ортасына тастады,
Тастағанның ішінде
Исатай мен Дəрі бар.
Жақсымбет, Шомбал, Балқы би
Көңілдінің бəрі бар.
Ортаға келген билікті
Біріне-бірі қимады,
Бір қазанға сыймады.
Бəрі дырау, бəрі нар, –
Кеңеске жұртын жинады.
Ортаға келген билікті
Ел қамын жеген халықшыл
Ер Исатайға қимады.
Өңшең дырау күндесіп,
Сөз сөйлесе мен десіп,
Бір қазанға сыймады.
Қимағаннан ұсынып,
Құзғынға жемтіп түсіріп,
Ортамыздан сен ал деп,
Балқыға беріп сыйлады.
Сонымен Балқы би болды,
Би болған соң күйленді.
Халықты қойып, хан жақтап
Əдіске шебер үйренді.
Халық арасы бұзылып,
Сөз бенен қаңқу шиеленді.
Хан сақтаған əскерден
Халық қорқып именді.
Ханнан күдер үзіліп,
Халық арасы бұзылды.
Қашықтады қатынас,
Естіген сайын ызыңды.
Елге қатаң тиді деп,
Момындар нақақ күйді деп,
Ерлерің сонда қызынды,
Жанжалдың ұлы, кішісі
Жаңылмай жіпке тізілді.
Хан үстінен шағымдап,
Наместник патшаға
Арыздар талай сызылды.
Елге қатаң тиді деп,
Момындар нақақ күйді деп,
Тізгінін беріп Ордаға,
Қожа менен молдаға,
Келімсекті жиды деп,
Халық сайлайтын əкімді
Өз еркімен беркітіп,
Заңның жолын бұзды деп,
Өз таяғын соққаннан
Қойып отыр биді деп.
Сонымен ерлер кеңесті
Кеңескенде не десті:
Орданы қожа-молда алып,
Хан тізгінін қолға алып,
Келімсектер тел өсті,
Қашаннан патша жақтаған,
Ішіне кегін сақтаған,
Əбілқайыр тұқымы,
Халық қамын жемес-ті!
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қарсы шықпай осыған
Жалтаңдаған жан аяп,
Адамшылық емес-ті.
«Орданы қожа-молда алып,
Хан тізгінін қолға алып,
Бабажан ұлы Қарауыл
Хан диуаны сол болды,
Қаңғып келген жолданып,
Қайдағы қашқын-пысқындар
Ордадан орын, жүлде алды»
Осыны көзі көрген соң,
Қорлықты солар берген соң,
Тек ішінен серттесіп
Батырлар шыққан долданып.
Осыны көзі көрген соң,
Қорлықты солар берген соң,
«Ай менен күндей ортақ хан»
Қақпаға жүріп ерген соң,
Хан онымен қоймады:
Қонысты қолдан кетірді,
Не болар халық жерден соң?..
Еділдік бойын алдырып,
Патша қала орнатты.
Қазыналық орман деп,
Қалың бір нуды қорғатты.
Жайыққа жақын барма деп,
Қазына мүлкін қорға деп,
Елді айдап сорлатты.
Семіздерін бұлатып,
Жүйріктерін сынатып
Жүрушіні зарлатты.
Теңіздің бойы керек деп,
Аушылар бұған келед деп,
Бейсауат адам жүрмеді, –
Жұрттың бəрін белеттеп,
Теріс, түстік жайлауды,
Мұжықтар алды бөлектеп,
Хан патшаны жақтады,
Қайткенменен себептеп,
Қалған жердің жақсысын
Үлестірді Жəңгір хан
Хан, төреге мүлік деп,
Қайғы тартты көп халық
Аштан бала өлед деп.
Хан патшаны жақтады,
Ішіне түйін сақтады.
Ханнан жəрдем күткендер
Əділшілік таппады.
Қазақта кеткен ата кек
Түсіріп еске жоқтады.
Дұрыстық қалай істесін,
Есіне нағып түспесін,
Қазақтардың қолынан
Есімнің қаза тапқаны;
Айқай салып ұрандап,
Нұралы ханды шапқаны.
Əбілхайыр бабасын,
Тіле шауып сабасын,
Барақ батыр өлтіріп,
Мұқата тауын шаққаны.
Əбілхайыр бабасын,
Тіле шауып сабасын,
Елді қылып ала ауыз
Қатты ұстаған жобасын,
Ұстамаса бөлмелеп,
Қалың халық біріксе,
Мінездің шығар оғашын.
Елге нағып хан сенсін
Атасын шапқан шулатып,
Қызыл қанын сулатып,
Мал-жиһазын талатып
Талай да жыртқан жағасын.
Патшадан əскер алдырды,
Елге салық салдырды.
Жасқұстың құмын мекендеп,
Меке тағын хан құрды,
Төренің бəрін төрге алып,
Бақ шырағын жандырды.
Бақ беріп Шомбал, Балқыға
Қарсы ұстаған халқына,
Сене алмады қазаққа
Салар деп қай күн талқыға.
Солармен жүрген шабарман,
Күнəсыз зарар тигізді
Жалғыз бенен жартыға.
Өзіне қарсы шыққанын,
Бір туғанын қолға ұстап,
Жақынын салды артына.
Зарар көріп жанжалдан
Халық жүрді сарпыла.
Солардан жүрген шабарман,
Момынды нақақ сабаған,
Қарайып тұрған көңілге
Арттырып өкпе жамаған.
Өздерін көріп азулы,
Ен жайын жатқан халықты
Жайылған қойға санаған.
Қоныстан жəбір ел көрді,
Хан арқылы би болып
Жалғыз үй шыққан тамадан.
Обал болды демейді,
Бұзықтар тағы көбейді,
Арқасын ханға сүйеген,
Сұлтансиық – танадан.
Мұнан да басқа тасып жүр
Би болып тағы сан адам,
Сол қорлыққа күйініп,
Съезге қазақ жиылып,
Исатай менен Махамбет,
Ханға қарсы көрінді
Кеткесін асып шамадан.
Сол қорлыққа күйініп,
Съезге қазақ жиылып;
Дəукерлерді айдады
Хан алдына бұйырып,
Бір-екеу ханға жүгінді,
Құлдық қылып иіліп,
Бірі пақыр, бірі мырза
Мұңдарын айтты қиылып.
Пақыр тұрып зар қақты,
Мойнына хүкім киіліп,
Алдияр бас, деп мырза айтты,
Алған соң теңлік сүйініп.
Хан қасында Исатай
Қайратқа сыймай сөйледі,
Қайнаған ашу құйылып.
Исатай сонда сөйледі:
– Хан ие, сенің неткенің,
Нашарға жəбір еткенің?!
Бір осы емес көп болды
Түзуліктен кеткенің.
Мықтыға момын күш қылмас,
Пақырды неге шеттедің?
Аудара қарап сөз сұрап,
Анығын тауып жетпедің.
Бүгінгі əкім сен болсаң,
Əділдік неге етпедің?!
Хан ие сонда сөйледі:
– Исатай, жөнсіз ер ме едің?
Арданы сендей көрмедім!
Байтаққа хан мен болсам,
Хүкімім берген кінəлап
Не үшін мені жерледің?
Не жерімнен мін таптың?
Алдыма келген даукерді
Аудара қарап тергедім.
Ісім аян Аллаға,
Аңсыздықпен кетпесем,
Ақтыққа қолым сермедім.
Көңілде кіршік қара жоқ,
Алып тұрған парам жоқ.
Айғақ пен ыспат болған соң
Айтпасқа солай шарам жоқ,
Төремді қисық бермедім.
Исатай сонда сөйлейді:
– Хан, сөзіңді ұмытпа,
«Арда» деп мені сөккенің –
Ар-намысты төккенің.
Атаң бір Тəуке болғалы
Қалмаған, сірə, өктемің...
«Арда» деп мені сөккендей
Анаңа бар ма шөккенім?!.
Қатесіз пəнде құл болмас,
Қатаң болы демесем,
Айыбым артық жоқ менің.
Əбілхайыр, Нұралы,
Айшуақ, Есім, Ералы –
Қайырсыз хандар сол еді,
Қазанын қоймай тепкемін.
Сол тепкеннен шабылып,
Жазымы сонан табылып,
Тиіссіз тілін тигізген
Кесірі тиді өкпенің.
Хан ие сонда сөйледі:
– Исатай, мені аяма.
Күнім туса көрермін,
Алла салса көнермін,
Келсе де ажал ерте-кеш
Тағдырменен өлермін.
Қашаннан қазақ қайырсыз,
Қай ісіңе сенермін.
Қарға қазақ шулаған,
Қастассам сені жеңермін.
Шаптым деп Ханды мақтанба,
Үргеніште қалған Сырымдай
Сүйегіңді шетке көмермін.
Қайратыңнан бездіріп,
Аяғыңнан тоздырып,
Айтқанымнан шықпайтын
Қатыныма теңермін.
Анаңа шөктім дегендей
Артық сөзді неге айттың?
Осы сөзіңді ұмытпа,
Сазаңды əлі-ақ берермін.
Исатай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Мен де күтем Алладан
Білгеніңнен қалма, хан.
Міндетті баққан халқым деп,
Жерің жоқ сенің жалғаған.
Əбілхайыр, Нұралы,
Айшуақ, Есім, Ералы.
Қазақты қатын қылам деп,
Өзінің басын жалмаған.
Қаптаған жаңға қарсы бар,
Ажалдан бұрын алмаған?!
Қара басым кетсе де,
Хан екен деп айбынып
Айтатын сөзді далдаман.
Атаңды қазақ шапқанда,
Ат көтіне мінгізіп
Тұтқын қылып баққанда,
Ханымы, ханның ұлы деп,
Анаңды жоқты талғаған!!
Анаң десем айып па?
Іс емес пе еді болмаған!..
Хан ие сонда сөйледі:
– Исатай, сөзіңді ұмытпа,
Ескіні еске түсірген,
Тентексің сен бір ісінген.
Қара қазақ қайырсыз,
Ерім деп сені түсінбен,
Жаппар ием жар болса,
Кешікпей сені қуармын
Еліме қоймай ішімнен.
Басымда бағым бар тұрса,
Бір тентекке кешірмен.
Бір тентекті тыярмын,
Кірісіңнен қиярмын,
Хан болып тұрған шағымда
Деміммен тамақ пісірген.
Билерді қазір алдырып,
Айып пен жаза салдырып,
Ауырлықтың не түрін
Үстіңнен сенің түсірмен.
Исатай сонда сөйлейді:
– «Тентек» деген сөзіңді,
Хан, есімнен шығарман,
Болсам да жалғыз сыңардан,
Қыларың болса қылып қал,
Шығыспақ болсаң құмардан!
Байтаққа хан болсаң да
Бас тақсыр деп ыға алман.
Қара басым кетсе де,
Айтқаныңды қош алман,
Мойныма жаза салдырып,
Сенің құрған шебіңе
Құрсағымнан шалдырып,
Қорлық көрер ер ме едім,
Сендей бір қалмақ – сыбаннан?!
Мойныма жаза салдырып,
Құрулы жатқан жебеңе
Құрсағымнан шалдырып,
Ұяда жаным бар тұрса,
Кете алман саған алдырып!
Бұл сөзді естіп Жəңгір хан
Ашуменен ақырды,
Он екі би-диуанын
Өз жанына шақырды.
Хан атасын сөкті деп,
Мұнан айып жоқ-ты деп
Соттамақ болды батырды,
Хандығын жұртқа білдіріп,
Беліне қылыш ілдіріп,
Солдаттарын самсатып,
Қарауыл қойды қатулы.
Қаны қызған қазақты
Солдаттар салып азапты,
Қамшыменен жапырды.
Шығармай соттап қамаудан,
Батырды сонда қапы ұрды.
Зор кеселге жолықты
Қорғаймын деп пақырды.
Ерді атына мінгізіп,
Жалаулы найза ізгізіп,
Ойлатпады ақылды.
Айламен жұртты меңгерген
Айбынды ханды сөгем деп,
Жаман да қатты шатылды.
Келтірмей қуды маңына
Жаны ашыған жақынды.
Айламен жұртты меңгерген
Патшадан жəрдем деп келген, –
Кісі өлтірсе де жазалап
Айтқаны ханның жөнделген.
Күшті ханға килігіп,
Қатты бір сотқа ілігіп,
Шыға алмай қалды шеңгелден.
Жаны ашыған жақыны
Кіре алмай сыртта сенделген.
Хан Жəңгірдің диуаны
Үш күн соттап сынады,
Таласты үлкен қылады:
«Хан боқтаған зор жаза
Қатты үлкен күнə-ді»,
Көп билердің ішінде
Айтты бірі мынаны:
«Айыбы алпыс атан» деп;
Бəріне бұл сөз ұнады.
Сол айыпқа көндіріп,
Елден алған өндіріп,
Ақыры сомен тынады.
Исатай қайтты босанып,
Айыбын тартып ханыңнан:
– Хан жақтаған Балқыны
Жақын деп тіпті таныман.
Жақын деп нағып сенейін,
Жаттан жаман жаралап,
Тартты иттей санымнан.
Қайрылармын Ордаға
Əскер жинап Нарыннан.
Қарағаштай көп халық,
Айқайласам ұрандап
Қалармысың арыңнан!
Көбің көмек бермесең,
Ар-намысқа ермесең,
Безіп бір кетер ортаңнан
Мен бір жұмыртқаң жарылған.
Жаппар ием жар болса,
Жауым көп деп тарылман.
Айып тартты деген сөз
Есімнен кетер іс емес –
Тəнімде таңба қарылған.
Айып тартты дегізіп,
Арға шыдап тұра алман,
Жанның ішін ұрарман!
Тек тұрсам таңба салдырып,
Халыққа болса жаңғырық,
Алқалы топқа кіре алман!
Айт пен тойдың саумалын
Сапыртып ішіп шараға,
Ел аралап жүре алман!
Исатай мен Махамбет,
Байбақты, Жүніс, Қабфыланбай
Қыздырып қанын айтқан соң,
Қалмады халық ұраннан.
Хан ордасын шабам деп,
Бір мыңдай кісі қол болып,
Арланды бұған ел болып.
Енесінен шыққалы
Айбынды туған ер еді,
Қара қазақ, хан ұлы
Тимеген бетке жел болып.
Дұспаннан кегін алмаққа,
Ханның сүйген ханымын
Ат көтіне салмаққа, –
Мақсаттары сол болып,
Желбіретіп ту байлап,
Желіктіріп ат сайлап,
Мыңдық пен жүздік, ондық деп
Басшылар қойды ыңғайлап.
Хан жақтаған қазақты
Ықтиярсыз жүрді айдап.
Ат қойды сонда алла деп,
Қастерің болсын ханда деп,
Ат жалын тартып мінгендер
Арыңнан бүгін қалма деп.
Қара жерге тең болып,
Адамдыққа кем болып,
Аттаныстан қалғанда
Аяйтының жан ба деп?!
Қара қазан, сары бала
Əлдерің келсе қамда деп.
Тəңрің берсе тілекті
Істерің шығар оңға деп.
Бұл сөзді айтып қыздырған
Махамбет, Үбі, Таңатар,
Хан жақтаған қазақты
Қалың бір қолға талатар.
Қарсылық қылмай көнгенін
Өздеріңе қаратар,
Садаққа бəрі атқышыл,
Саржа мен қардай боратар,
Қалмады ел ермеген,
Алла десіп аттанды,
Бір мың кісі қолменен.
Нарыннан тіке бағыттап,
Ордаға жүрген жолменен.
Сегіз күндік сапарға
Ат шалдықты шөлменен.
Ханға хабар жетісті,
Қатынасқан елменен,
Елден хабар тапқан соң,
Хан тəртіпті жүргізіп,
Қарауылға бұйырған.
Қол басшысы сол болып
Пəрменмен əскер жиылған.
Кезеген аяқ, тел жүріс
Ел жансызы тыйылған.
Аңсызда бүйтіп шыққаны
Ханға болды қиыннан.
Екі мың кісі қол болып,
Қазақ пен орыс аралас
Ордадан бері құйылған.
Қанды майдан далада
Хан əскері кез келді,
Кешікпеді тез келді,
Тұрысар деп қай жерден,
Елшімен хабар сөз келді.
Жер берігін табам деп
Қамалдың орны көзделді.
Қамалдан майдан шеп құрды,
Жеңдірмеске еп құрды.
Екі əскер кездесіп,
Өшіккен жаумен көздесіп,
Араласпай тек тұрды.
Көрген соң төзіп тұра алмай
Алыстан жаулар атысты,
Қызыл қанға батысты.
Қазалы оққа ұшырап,
Адам менен ат ұшты.
Жекелеп шауып майданға,
Көңілді ерлер қатысты,
Ерлерді шапқан атам деп
Жаяулап мерген жатысты.
Атқышыл ерлер белсеніп,
Жай менен тартты садақты,
Байлаған жерден қадатты.
Қазалы жанды түсіріп,
Ат бауырынан қан ақты.
Соғысты жаулар жасанған,
Қарсыласса бас салған,
Ту ұстаған Исатай
Орнынан қадам аударып,
Ер емес, сірə, саса алған.
Кейінде қалған Махамбет.
Көкірегі демігіп,
Бойына сіңген қашаннан
Демікпесі түзеліп,
Торда қалған сұңқардай,
Соғысқа батыр босанған!
Мінгені бəйге тарлан-ды
Кейінде қалып арманды,
Қашырмай жауды тұрғанға
Қатты жаман арланды.
– Бұл күнге дейін тұрдырып,
Осынша қолды қырдырып,
Тұрғаның, ерлер, қалай? – деп,
Келе батыр зарланды.
Бəйгі тарлан астында,
Жалғыз айыл төсінде,
Ата аруағын қоздырып,
Айырылды батыр есінен.
Тұра алмады дəт тұтып
Кездескен соң өшімен.
«Ағатайлап» ат қойды,
Айбынсын енді несінен!
Баспа шекпен үстінде,
Бəйгі тарлан астында,
Тап сол жылы Махамбет
Отыз тоғыз жасында.
Есенқұл, Үбі, Таңатар,
Есенкелді, Қосқара,
Есен, Аман, Шекшекей,
Балуан Тəни қасында.
Алман, Тоғай, Ерсары,
Қожақымет, Қалдыбай
Əскердің түсті алдына-ай.
Қамалға барып соқтығып
Ойранды жауға салдың-ай.
Жаяу мерген жаншылып,
Найзаменен шаншылып,
Ат астында қалдың-ай.
Қашуға қарап бер алды
Тұра алмай төзіп хандық-ай,
Найзамен көрсең түсір деп,
Мылтықпенен өлтір деп,
Сол əскердің бастығы
Қарауылдай итіңді-ай.
Əлі де болсаң ерлердің
Аруағы жаудан басым-ды,
Қастасқан дұспан қаңғыды-ай.
Əлі де болса ерлердің
Аруағы жаудан басым-ды.
Жеті атадан тұтасқан
Ерлігі шынжыр асыл-ды.
Арғы атасы Ағатай –
Дұшпанға түскен жасыл-ды.
Боқай мен Тайман, Бегəлі
Анайы туған нəсілді
Исатай сынды батырдың
Қамалға қарсы барғанда
Жол болып алды ашылды.
Жабыла жатқан мергендер
Аяқта қалып басылды.
Көк сүңгіге тап болып
Қаны бір судай шашылды.
Қанды соғыс майданнан
Қарауыл сонда шошынды.
Қаптай қырып əскерін
Бөріккен қойдай қашырды.
Қанды майдан соғыстан
Қарауыл қашты Аллалап,
Талайы босқа жығылды
Ат астында омбалап.
Алдырмады қожаны
Қорғаған əскер қамалдап.
Шаршағанын қалдырып,
Мінгізді атты алмалап.
Көтермелеп тартысты
Ұзатып шылбыр жалғалап.
Қызыл іңір түскенде,
Қарауыл қашып құтылды,
Қазасыз пəнде сытылды.
Хан Жəңгірдің əскері
Құс алған қудай тұтылды.
Қанша айла құрғанмен
Бұл сапарда ұтылды.
Қолдары тиіп қызылға,
Батырлар сонда құтырды.
Жеткенін қырып аралап,
Сау қалғанын жаралап,
Жұмысын сомен бітірді.
Бір мың жылда сегіз жүз
Жəне бір отыз алтыда,
Ашуланып Жəңгір хан
Жарлық салды халқына.
«Соғыс» деп пəрмен бұйырды,
Өзіне ерген жалпыға.
Екі бөліп қазақты
Салмақ үшін талқыға.
«Берішті ал» деп тапсырды
Бекмағамбет, Балқыға.
Бекмағамбет, Махамбет
Бір анадан туса да,
Хан үшін жүрді баршыға –
Дұшпанына қосылып,
Достасып, ханмен шешініп,
Ұялмай шыққан қарсыға.
Жаз да өтті, күз болды,
Жауыққан өштік сыз болды.
Исатайды қарсы деп,
Патшаға хан баяндап
Өш алу қамын ізденді.
Егер мұны жоймасақ,
Қоймайды деп бізді енді.
Хан қарашы халықпен
Сахарадан сақтанып,
Ордадан шықпай тізделді.
Алпыс атан тарттырып,
Айыппен билер дақ салған, –
Исатай басымды алар деп
Сахараға, шықпай сақтанған.
Қырғынға қолы ұшырап,
Аяқта қалып тапталған.
Бұрынғы күйден қалып тұр
Талай да жауыз мақтанған.
Қарауыл барған құтылып,
Ажалды қазақ қақпаннан,
Əкесі мұның Бабажан
Ойылдың бойын мекендеп,
Қожамын деп тазды алдап,
Күнелткен содан тапқаннан.
Ел биледі, бай болды
Хан Жəңгірге қыз беріп,
Қасына еріп шыққаннан.
Беріш, Шомбал, Ноғайлы
Хан қасында бақ қонған.
Беріш болып сіңіпті
Атасы келіп Сақмардан.
Жалған емес бұл сөзім,
Қарттардан алып жатталған.
Қауыс та туып күз болды,
Мизам мен өтіп ақырап,
Даярланды соғысқа,
Хан хабарын бақылап.
Кəперсіз жайын жатқанда,
Кете ме деп қапылап.
Араға жансыз жүргізді,
Параменен ақылап.
Тез жиналып жиын деп,
Жалғанса хабар қиын деп,
Жансыздардан шашырап.
Арғымақ сайлап, ат бақты,
Сүт пенен сұлыға асырап.
Тез жиналып жиын деп,
Шашылса хабар, қиын деп,
Күніне аңсыз тап болсақ,
Келмес пе екен күйім деп.
Ашылсын деп маңдайым,
Күдіретке, ерлер, сиын деп.
Бекетай құмнан салдырған,
Бұзып алып отқа жақ,
Балқыңның ағаш үйін деп,
Ағаштан сарай түзеткен,
Төре мен ханның ғұрпы еді,
Еліктеп салған соларға
Балқының қымбат мүлкі еді.
Балқы ордаға қашқанда,
Қасында жүрген жолдасы
Байтөре менен Түрке еді.
Ханның сүйер досы деп,
Исатайдың өші деп,
Беріштен солар сырт еді.
Ала шұбар ту байлап,
Шамдана салды ұранды,
Алам деп ескі мұрамды.
Ермеген елде кім бар деп,
Жүрушіден сұранды.
Алты күн айқай салғанда,
Күн жетінші болғанда,
Жеті мың кісі құралды
Балқы ағасы Егізді
Еріксіз ертіп мұны алды.
Бұлардың жолы көбейіп,
Жеті мыңнан артылды.
Исатай келді, – көрем деп, –
Жақсымбеттей қартымды.
Қартқа ақыл салғанда:
– Қой, – деді, – ханға қарсыңды.
Келістірсем керек деп
Хан, Шомбал мен Балқыңды.
Қой дегенді есітіп
Ашумен батыр алқынды.
Айыпқа құндай мал тартып,
Қастасқан ханға жан тартып
Мəлді бас деп айта алман
Қайта барып «Сартыңды»,
Олай болса, Жақсымбет:
– «Бүлдірме, – деді, – халқыңды.
Егер жұртты бүлдірсең,
Берішке тиме – аулың-ды.
Жайыққа тиме – үйің-ді.
Екі аққа сенім жоқ,
Егер жаудан жеңілсең,
Кетпессің көрмей артыңды.
Сонымен жүрді қалың қол
Шабам деп хандық орданы,
Араға сапар бес қонып,
Балқы ағасы Егіз би.
Исатайға ілесіп
Амалсыз жүрген сескеніп.
Қасында жүрген Бөкетті
Балқы мен Ханға жолдады,
Күн батқан соң кеш болып,
Амалсыз жүрген жандарды,
Баршы қоймай қасына,
Абайсыз қалды, дос көріп.
Күн шыққанда ордаға
Бөкет те жеткен түн қатып,
Дем алмастан бір жатып;
Пəтердегі Балқыға
Сөйлесті барып тіл қатып.
Құлаққа тиген суық сөз
Жүректі кетті мұздатып.
Бөкетті қолдан жетелеп
Ханға ертіп жүргізді.
Хан алдына кіргізді,
Айттырып сөзін тыңдатып,
Бөкетті қолдан жетелеп
Қасына ертіп жүргізді.
Хан алдына кіргізді.
Жау жарағын етем деп,
Бар буанын жиғызды.
Күтінбесең күн бұрын
Қоймас деп алмай бұл бізді.
Қаланың сыртын орлатып,
Айналасын торлатып,
Ағаштан қорған тұрғызды.
«Қарсы болған патшаға
Исатайдай батыр» деп.
«Ордамды қамап жатыр» деп,
Оралға хабар білгізді.
«Зор шығынға ұшырап
Қалыппыз білмей қапыл» деп;
«Жан сақтаудың қамы үшін,
Беріңдер шылбыр, ақыл» деп;
«Шабағаншыл көк жорға,
Қайда менің атым» деп.
«Атқа тұрман салыңдар,
Қашпағым шығар мақұл» деп...
Сонда Шыман сөйледі:
«Тіл алсаң, ханым, саспа» деп,
«Бəледен келген басқа» деп
«Үстіне келген дұшпаннан
Өлсең де шеиіт, қашпа» деп,
Патша болсаң байтаққа
Сабырлықты жолдас қыл,
Бөтенге сырың шашпа» деп,
«Атаң да өткен Нұралы
Қашқаны үшін айдалып,
Өле өлгенше байланып,
Үпіде өлген босқа» деп.
«Жау жақын келсе таянып,
Мен қалмаймын аянып,
Əрі ұрудан би алып,
Алдандырып сөз бастап,
Салайын барып тоспа» деп.
Арада үш күн откенде
Қол келді қалып қаптаған,
Семіртіп атын баптаған;
Қиғыр қылыш қынапта,
Еменнен найза саптаған.
Исатай келген ту ұстап,
Астында тұлпар Ақтабан,
Көрінім жерге қос тігіп,
Қастасқан жауын таптаған.
Келген қолға таңырқап,
Биікке шығып хан көрді,
Тоңазытқан шаң көрді,
Шаң астында қыбырлап,
Жер қайысқан жан көрді.
«Ордама əскер толды деп,
Жазықсыз елге тұрғанда
Бір тентекке ілесіп,
Не себептен келді?» – деп,
«Бейнетім бе, қазам ба,
Жазуы хақтың болды» деп,
Айырылып естен таң көрді.
Хан ханымы Батима
Сонда тұрып сөйледі:
– Бұрыннан, тақсыр, таппадың,
Біз мінезден саппадың,
Бөріні көрсе беттемес
Қораңа көпек сақтадың.
Пайданы содан көрем деп,
Көптен бері баптадың.
Көпектен көрдік не пайда?
Жамандықта алдырмас
Бір сырттанды бақпадың.
Исатай ердің сырттаны,
Күндердің күні болғанда
Көпектің елін сол ертіп
Көрдің бе міне шапқанын!
Хан ие сонда сөйледі:
– Жаңылтып тұр есімнен,
Ордаңды əскер қамалап,
Алған күн жауым жағамнан
Нетесің, ханым, табалап.
Тəңірі берген шағымда,
Тастаған тасым жатпады;
Ылдидан өрге домалап.
Ем болмай қалған ісім жоқ,
Бағыттап қойсам жобалап.
Исатайды кəдірлеп,
Еркіне қойып бақсам да,
Жақпадым, сірə, соған-ақ.
Өзгені билеп алған соң
Өзіме тиді жағалап.
Жазықсыз жанды күндеді,
Ордама тұрған паналап.
Келесін тауып іс қылдым,
Түбінде жарар пайдама,
Ғайыптың ісі Хаққа қас,
Білейін қайдан шамалап?!
Шыман шықты бітімге,
Бекмағамбет қасында,
Əр ұрудан би алып,
Арғымақ ат, ала тон
Нар менен атан жетелеп
Батырға тарту сый алып;
Қолды қонақ қылам деп,
Көшірді неше үй алып,
Хан елшісі келгенде
Махамбет айтты батырға:
– Осының бəрін өлтіріп
Кəлдесін деді қиялық,
Осылар бізді алдап жүр,
Патшаға хабар жолдап жүр,
Ендігі тілді тыялық.
Бекмағамбет туғаным,
Өлтірем десең маған қош,
Жүрмеңіз менен ұялып,
Осылар бізді алдап жүр,
Патшаға хабар жолдап жүр.
Қаладан жəрдем келсін деп,
Алдандырып соңдап жүр.
Туғаным деп сенбеймін,
Ханның ісін жолдап жүр.
Тілімді, батыр, алмасаң,
Бастығы Балқы, хан қылып
Ақ құрбандай шалмасаң,
Хан патшаға біріксе
Мақсаты жаудың болған, біл!
Махамбеттің айтқанын
Пайдам деп батыр алмады,
Ақылды көпке салмады.
Ханмен тату қылам деп
Елшілер келіп алдады.
Бітім сөзі кірген соң
Еліне қайтып қол тарқап,
Жанында кісі қалмады.
Арада үш күн өтісті,
Араласқан елшілер
Күнінде келіп кетісті.
Кəперсіз елден жатқанда,
Оралдан əскер шықты деп,
Артынан хабар жетісті.
Елінен хабар жеткенсін,
Батырлар қайтты аһ ұрып, –
Сөзіне бітім алданып,
Қылдым деп шаппай қапылық.
Жау аяған жаралы
Қалам ба деп шатылып,
Хан берген тарту сыйлыққа
Қалдық деп білмей сатылып.
Еліне келді жиылды
Бір орынға шақырып;
Жиылып тамам құралсақ,
Қаладан шыққан əскерден
Шалдырпай аман тұра алсақ,
Өтеміз деп ар жаққа
Жайықтық мұзын қатырып.
Ағайын-туған сонда бар:
Қара тоқа, Есенқұл
Отырған шектес жіп тартып
Күлкеш пен Бегіс сол да бар,
Жамандық жері тап келсе,
Жақынның тиер жəрдемі,
Өз малындай қолда бар.
Атымыз арып, тон тозса,
Ыңырсыған көп жылқы
Жайылып жатқан жонда бар,
Жөн сілтеген сасқанда
Айтуар, Есет айтулы
Қоңар мен Байнақ жорға бар.
Ер басына күн туса,
Қашқаным барып қорғалар.
Бұл сөзді айтып Исатай,
Халыққа хабар салдырды;
Өздеріне ергенін
Қасына жиып алдырды.
Бекетайқұмды белгі етіп,
Күндіз түтін, түнде өрт –
Ұран отын жандырды.
Қазақ пен орыс аралас,
Қайысқан əскер шықты деп
Құлаққа хабар жаңғырды,
Сегіз күн тынбай жиылды,
Хабарсыз ханнан тыйылды.
Жолдастың көбі бытырап,
Хандық жаққа қосылды,
Бəрінен осы қиын-ды.
Қарағаштай көп əскер
Қаша-қаша сұйылды.
Бір күн тыныш жатқанда,
Таң ағарып атқанда,
Сансыз бір əскер сайланып
Үстіне келіп шүйілді.
Сансыз бір əскер сайланған,
Өлімге басы байланған,
Құрсап алып жасақты,
Қамауға солар ойланған.
Батырдың қолы сескеніп,
Көңілге сонай қайғы алған.
Астына мінген Ақтабан
Қырық шапса күнде бəйгі алған.
Қашуға əскер бет алып,
Қайырмаққа ниет алып,
Исатай артын айналған.
Қайтпастан əскер келеді,
Шығармақ үшін майданнан.
Аз болды деп əскерім,
Қатынды атқа мінгізіп,
Қараға қойып қарады
Басына тымақ кигізіп,
Көп болғасын əскері
Қазақтың алдын орады.
Мылтық пен атқан зеңбірек
Жауға қардай борады.
Зеңбірегі күндей күркіреп,
Жаңбырдай оғы сіркіреп,
Құлақты жарып барады.
Ерсары мен Қалдыбай
Екеуі қатар оққа ұшып,
Бұлардың күші тарады.
Зеңбірегі күндей күркіреп,
Жаңбырдай оғы сіркіреп,
Қашуға қазақ бет алды,
Бөрі тиген қойдай дүркіреп.
«Жанымды жаңғыз құтқар» деп,
Ер басына бір тілек.
Зеңбіректің кей оғы
Төбеден асып сұлады.
Қамалған көште қатын мен
Балалар жылап шулады.
Топ даусынан үркісіп,
Жүк артқан түйе тулады.
Садақты сансыз тартса да,
Қару болып аспады.
Түс болғанша тырысып
Қалың қол шыдап қашпады.
Ортасынан топ түсіп,
Əскердің көбі оққа ұшып,
Қашуды сонда бастады.
Ардақтап сүйген ұлдарын,
Əлпештеп сүйген қыздарын,
Қатын-бала, қара орман
Жау қолына тастады.
Қорғаймын деген көп елді,
Амалсыз тастап жөнелді.
Қарық олжаға батысып,
Хан əскері кенелді.
«Қашқан жауға қатын ер»
Қалмай қуып артынан
Қазалы жандар көп өлді.
Исатай менен Махамбет
Жаудан аман құтылып,
Ішкі Ордаға сыйғызбай
Тарылды дүние қысылып,
Исатайлық болғандар
Таланды қолға тұтылып,
Ақырда қалған қырық кісі
Жұлдыз жəдді туғанша
Тар қоныста жан сақтап,
Алдырмай жүрді күтініп.
Құралайдың күнінде
Жайықтан шығып бері өтіп,
Алды артына қамаудан
Аман да кетті сытылып.


Түсінік


Ығылман Шөреков. Исатай – Махамбет. ХІХ ғасырдың 1-жартысында Ішкі Бөкей ордасында Истатай мен Махамбет басшы болған əйгілі халық көтерілісіне арналған дастан. Ығылман қазіргі Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында туып-өскен. Қазақтың ауыз əдебиетін, Махамбеттің күллі жырларын жатқа білген адам. Оның «Исатай –Махамбет» жыры халық арасына кең тараған. Дастан 1959 жылы Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасынан шыққан «ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиеті» хрестоматиясына (құрастырғандар: Т.Əбдірахманова, Қ.Жармағамбетов) кірген. Бұл жинаққа сол хрестоматия бойынша дастанның бірінші бөлімі кіргізілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу