27.05.2022
  313


Автор: Ақылбай Абайұлы

Дағыстан

Дағыстан Кавказдағы Кəрі Жүсіп,
Қисса ғып айтқым келді көңілім түсіп.
Тепе-тең тек жатудың табы батып,
Білмедім не қылуды ішім пысып.
Сынауыңа сорғалап келмесе де,
Сөкпеңдер мына сөзі қалай десіп.
Біліккен соң ер сөзін ермек еттім,
Осыны айтпасам да өнер қысып.
Қазақтың «қап» дегені Кавказ серік,
Тəңірім, сұлу биік еткен ерек.
Ақырып айдаһардай жүз толғанып,
Тауды бұзып, тас жарған долы Терек.
Артық нəрсе дүниеде айтпақ үшін,
Деме жұрт тау мен өзен неге керек.
Қолдан келер айла жоқ, жанға рахат,
Хикметін тамаша көрсетер ек.
Кавказды сұлу қылған Құдай қалап,
Көрген адам кете алмас тамашалап.
Белгілі ер черкестен көп халық бар,
Сол тауда өмір сүрген жанасалап.
I
Сөйлеймін сол таудағы Дағыстаннан.
Жауменен жалығу жоқ шабысқаннан.
(1861 1904)
Күні бүгін іркіліп көрген емес,
Бір сөзге қанжар алып қағысқаннан.
Əдеті ата-мұра баяғыдан,
Айтылар əңгімесі аяғынан.
Қаны қызса қанжарын қайтармайды,
Өзге елдің бұрын сермер таяғынан.
II
Ақ жиек көкшіл сұрғылт сəуле берген,
Мұнартқан Кавказ буы көтерілген.
Алтын шатыр сəулесі тау басында,
Атырабы мəлім болды талай жерден.
Бұлбұл құс ұйқысынан көзін ашып,
Түріне гүл бəйшешек таңырқасып,
Күн ыстығы түскенше сермелік деп,
Үнін, жүнін түзетті жабырласып.
Квинттей үнін түзеп шырқатады,
Көмейін қайырып, толғап ырғатады.
Толғантып тоқсан екі мұң мен зарды,
Тəңірінің берген үнін зырлатады.
Сайраған құмыр бұлбұл үні шықты
Кемпір қара сəлісін бүркеп тықты
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Еліріп тік қарайды Кавказ мықты.
Сөкпе, қалса сөзімнің шалалары,
Кітапта жазған орыс даналары.
Бұрын неше соғыста ойран болған,
Көрінді Дағыстанның қалалары.
Бұзылған Дағыстанның қу қаласы,
Көрінді қарт Жүсіптің үй-ханасы,
Жүсіп тұр қайғы басқан, үй алдында,
Дүниенің əсер бермей тамашасы.
Бір қатын үйден шықты қадам басып,
Асығып дегбірі жоқ асып-тасып.
Жүсіп айтты қатынға: – Шақырды ма?
Көрейін жалғызымды болса нəсіп?
Қатын айтты: – Жалғызың жаман, – дейді,
Əлі ырзалық берген жоқ саған, – деді.
Əкеңді шақырайын дегенімде,
Бір ауыз сөз қатпады маған, – деді.
Күрсінді сөзін естіп Жүсіп кəрі,
Көзінің жасқа толып кетті бəрі.
Өткен істің қатесі ойға түсіп,
Келді-ау, деп, – Əлгі кемпір қылған зары.
Екі көзден жас ырғып, ытып кеткен,
Тоқтамай сорағытып əжім беттен.
Жуан, қалың, білектей бурыл мұртқа
Домалап улы жасы барып жеткен.
Заһира сұлу жалғыздан айырылғанын,
Əлінің арнап қорғап зар қылғанын.
Алдына əкеп тосқандай секілденді,
Орынсыз өмірінде бар қылғанан.
Жүсіптің қандай істеп өскендігін,
Баяндап, ұқтыруға жаңа келдім,
Неліктен осы қайғы түскендігін.
III
Тəкаппар Дағыстанда Жүсіп батыр,
Бақыты асып құрбысынан келе жатыр.
Екі сөзді көтермес зор көкірек,
Соқтығысып бұған ешкім тимейді ақыр.
Аяғынан бастадым сөздің басын,
Ғажайып кəрі Кавказ тау мен тасын,
Басқа түрлі сипатпен білдірейін,
Келісімді келтірген тамашасын.
Қозғаған жас қуатын мəуелі жаз,
Мақұлық қыбырлаған бəрі де мəз.
Əр жерінен ажалдың иісі шығып,
Суық түспен қарайды кəрі Кавказ.
Бейне жары, Кавказдың не баласы,
Өрт алғандай таусылып айналасы.
Жасы жеткен, қапалық, қайғы басқан,
Жабырқаңды Жүсіптің жалғыз басы.
Бұл Жүсіп құрбысынан жасында асқан,
Именіп ешнəрседен емес қашқан.
Отты көз, ер көкірек батыр Жүсіп.
Тік қарап, тура ажалға қарсыласқан.
Қаймығып тірі жаннан қорықпаған,
Сірə өзінен мықтыға жолықпаған.
Өз бойына өз күші сенімді боп,
Ойласам жазалар деп ұлық маған.
Мыңнан тізгін тартпаған о да мықты,
Мергендікке өзгеше болып шықты.
Бір кемпірдің жалғызы, аты – Ибраһим,
Ондай адам атпаған бір мылтықты.
Білімді, қалжыңға ұста, сөзі майда,
Жұрт күлдіріп сөз сөйлер əрбір жайда.
«Басқа пəле тілден» деп, мақал бар ғой,
Кейде залал қалжың сөз, кейде пайда.
Сол күнгі Дағыстанның əдеті бар,
Бір үлкен той қылады он екі айда.
Кімнің жақсы екенін, кімнің мерген,
Жиылған жұрт сөйлейді осындайда.
Сол той тағы болғанда жұрт мақтады,
«Бұл елде Ибраһимдей мерген қайда!
Əрі сұлу, əрі есті, əрі мерген,
Қайда барса жақсыға қосылмай ма!?»
Ибраһим бір сөз айтып қалжыңдапты,
Неғылса қиыстырып мінін тапты.
Тұрпайы тасырлыққа тап келген соң,
Долданып Жүсіп ыза бола қапты.
Жүсіпке осы қалжың тиді қатты,
Көтермей құрбы сөзін Тəңір атты.
Жұрт ескермес қалжыңын ақ көңіл деп,
Мінезінен тəкаппар соған батты.
Қатал Жүсіп қалжыңды кек көреді,
Мақтауды өзге алғанын жек көреді.
Ішінен Ибраһимге дұшпан болып,
Буынып улы қанжар кектенеді.
Сол тойдан жұрт тарады əр тарапқа.
Ибраһим көңілін беріп жүреді аққа.
Ашық күні аң атып қайтайын деп,
Үйден шығып аттанады Кавказ жаққа.
Жүсіп тағы сол күні аңда жүрді,
Жайылған бір далада арқар көрді.
Шалдыртпай ептеп барып атайын деп,
Қақпа тасты бетке алып келеді енді.
Байқамай дəрісін көп сасып салды,
Бұғып келіп арқарды басып қалды.
Бір заңғырдың басына, оғы тимей,
Ойнақтап көз ұшына арқар барды.
Аңға көңіл қоя ма аумасына,
Оқ тимей арқар шықты тау басына.
Ескерусіз Ибраһим жетіп келді,
Жүсіптей қанын ішер жау қасына.
Мылтықты атайын деп оғын салды,
Ыңғайлап нысанаға, бетіне алды.
Оқ жетпес деп дандайсып тұрған арқар,
Ибраһим тарс қойғанда құлап қалды.
Жүсіпке айтты қалжыңдап: Батыр саған,
Мендей боп атуыңа келмес шамаң.
Қате атарлық, ей батыр, мен емеспін,
Байлайын арқар болса көрсет маған.
Қалжыңға шыдамады Жүсіп долы,
Орынсыз кімге жақсы ашу молы?
Байқаусызда, қасына жетіп келіп,
Дəл жүректен жабысты қанжар қолы.
Бұл дағы қанжар дайын айқаспай ма,
Оныңа болмаймын деп шайқаспай ма?
Қапы болды, білмеді аямасын,
Сезгенде бір кісімен байқаспай ма!?
Өлтіріп Ибраһимді жығып салды,
Қанжарын қанға бұлғап жұлып алды.
Жазықсыз бір қалжыңға кісі өлтіріп,
Адам сүймес бір іс қып кете барды.
«Өлтірдің, – деді Ибраһим, – залым Жүсіп,
Қиянатсыз қалжыңға ашу қысып,
Жалғыз шешем артымнан о да өледі,
Қарық бол дүниеден көңілін өсіп.
Туған адам өлмекші арман еткен,
Көреміз Тəңір алдында бір сөйлесіп».
Уа, дүние, қане сенің мақтағаның,
Жақсылығын орнымен ақтағаның.
Қиянат жоқ, жалған жоқ, таза жүрек,
Мынау ма жас өмірді сақтағаның!?
Жақсылық жақсы деген сөзің қайда,
Мін бар ма Ибраһимда, сөзі майда...
Жазықсыз жас өмірін қанмен жудың,
Ешкімге де тимеді сенен пайда.
Өлтіріп Ибраһимды Жүсіп кетті,
Тағдырдағы өлшеулі күні бітті.
Екі күнде кездескен біреу көріп,
Өлгенін Ибраһимнің мəлімдепті.
Əлі кемпір есітіп талып қалды,
Сүйегін Ибраһимнің алып барды.
Жалғызымды өлтірген жазықтыны,
Құдай ата көр деп, қылды зарды.
Құдай, құлың едім, – деді, – сенің,
Құрымды, жалғыз еді менің тегім.
Хақ пайғамбар шапағат қылғаның сол,
Кетпесін өлтіргенде менің кегім.
Мендей қып қайғы берсең анасына,
Қарамай, қаза берсін шамасына.
Я өзі, я тұқымы, жұрағаты,
Кетпестей əрекет бер баласына.
Əртүрлі Əлі кемпір зарлық етті,
(əлбетте бұл қарғысын қабыл етті).
Зарлағанын естіп тағат қылмай,
Жүсіп барып үйіне кіріп кетті,
Кемпір өлді жұмада халі бітіп,
Баланың жетісіне əрең жетіп.
Аманат алласына тапсырдым деп,
Кегімді жіберме деп жарлық етіп.
Бұдан кейін бір талай заман болды,
Қарғысы ақырында жаман болды.
Шошынғаны ойынан шығып кетіп,
Малы, басы Жүсіптің аман болды.
Білгенімше айтайын əңгімесін,
Түгелдеп айта аламын өңге несін?
Бес ұл туып ер жетті арыстандай
Сөйлетіп Заһира қыздың өзгешесін...
Жүсіптің жалғыз қызы Заһира сері,
Бұдан сұлу əйелде болмас əрі
Рақметімен жаратқан Алла сүйіп,
Тарыдай тал бойында жоқ бір міні,
Заһираны көрген жанда қалмайды ес,
Қара қасы қиылған көзі нəркез.
Алақанға көтеріп аялайды.
Бұл бір жан деп өзгеше бүкіл черкес.
Тал бойының міні жоқ, қолаң шашты,
Шашының ұзындығы тізе басты.
Күлгенде гүл төгілер тісі меруерт,
Ондай жан бұл жалғанда жаралмас-ты.
Бұралған тал шыбықтай қыпша белі,
Бес ұлдың ортасында шыққан гүлі.
Жеңіл басып, киікше жүреді деп,
«Ғазел» деп атын қойған оның елі.
Толқынды қара шашы жібек талдай,
Көрген адам қарайды көзін алмай.
Аласы аз, нұрлы қара, ұялы көз,
Жаралған бір денесі қапы қалмай.
Кірсіз тіс, қырлы мұрын, мінсіз ерін,
Білерсіз мінезінен ішкі сырын.
Бұл жүрген əйел адам ұқсамайды,
Келтіріп айта алмайын мыңнан бірін.
Алма бет, аппақ еті қар секілді,
Көргенде онсыз дүние тар секілді.
Жүзін көрген алыстан кете алмайды,
Жанының бір ұшығы бар секілді.
Тақпақтап жарамайды айта берген,
Қызды əркім мақтағанын көзім көрген.
Ақылы, мінезі мен тұлғасы сай,
Мін шықпас таза жүрек бұл əйелден.
Мал мен бас бұл Жүсіпте бəрі дайын,
Ұлы, қызы артықша осындайын:
Əлі, Мұса, Жағыпар, Таяр деген,
Ең кенжесі Рахим, айтсам жайын.
Бəйгесін мергендіктің бұлар алған,
Батырлықтан ешқашан емес қалған.
Қолы жеткен айтпасам бір заманда,
Кімді еркіне жіберер мына жалған.
Кім десе ер, – Жүсіп ұлы, – дейді халық,
Қайда барса, келеді жүлдені алып.
Қан саулаған қамалдан тізгін тартып,
Бір кісіден кірмейді кейін қалып....
Солардың қолы жеткен заманында,
Жолдас болып шеп бұзған қамалында.
Жарлының бір жалғызы ер Жəбірəһил,
Есті, сұлу, ерлік бар қабағында.
Қара мұрт, сұрғұлт сұлу, қырлы мұрын,
Қыр қабақ, кең жауырын айтсам түрін.
Алланың əмірімен туған жігіт,
Жеткізіп айта алмаймын мыңнан бірін.
Заһираға бір күн көріп болған ғашық,
Кедей деп бермейді-ау деп қайғы басып.
Не өлмек, не қызды алмақ ойға түсті,
Тағдырдан құтыла ма пенде қашып.
Айтуға бара алама байға кедей,
Тұра ма əл келмесе кедей демей?
Ғашықтық пəлесіне кез келген соң,
Не ғылсын, амалы жоқ қайғы жемей?
Ала алмас ғашық адам сөзін тыйып,
Сөйлесем деп ойлайды малды жиып.
Дағыстанның белгілі бір жауы бар,
Қыз үшін аттанбақшы жанын қиып.
Дағыстан бір жұмысты етпек болды,
Түбіне сол жауының жетпек болды.
Жүрегінде оты бар ер жігіттер,
Осы жауға аттанып кетпек болды.
Əлі, Мұса екеуі болды бармақ,
Бұларға ұят осындай дудан қалмақ.
Жəбрəһил бұларменен бірге аттаны,
Тəуекел дариясына салып қармақ.
Жүсіптің екі ұлы кетті бір басынан,
Əлі, Мұса мін шықпас тұлғасынан.
Əдейі арнап, ыңғайлап əкеткен соң,
Тағдырдың кім құтылар шырғасынан.
Жөнелді Дағыстаннан өңшең батыр,
Жауменен соғысқалы келе жатыр.
Өзі туып көрмеген Дағыстанда,
Қиындық бір жол болды заман ақыр.
Көбелектей көп əскер сайдан дулап,
Қамданған қалың кісі шықты шулап.
Қара қошқыл түтінмен от жарқылдап,
Қорқынышты дыбыспен оқ зуылдап.
Оқ тигендер құлайды оннан, бестен,
Шалшықтағы балықтай жатыр тулап.
Бірге бес барған елден кісі шықты,
Жекпе-жекке шыққанды жаман қыпты.
Əлі, Мұса екеуі қайрат қылып,
Көпке топырақ шашсан ба, атып жықты.
Екеуінің басын да кесіп алып,
Сүйретіп алып барып жерге тықты.
Жəбірəһил аянбайды өзі мықты,
Өлімші жараланды жаман тіпті.
Сүйегін екеуінің алып шығып,
Қайраты Жəбірəһилдің байқалыпты.
Оқ тигенін сүйесіп үйме-жүйме,
Тағдыр ісі түсірді мұндай күйге,
Жақынынан айрылған жаралы көп,
Көздің жасын тия алмай келеді үйге.
Өкінгенмен не пайда қатасына,
Жолықты Əлгі кемпір батасына.
Тағдыр осы екі ұлың шəһит болды, –
Деп есіртті Жүсіптей атасына.
Жүз құбылып, сұрланып Жүсіп түсі,
Ойға келіп орынсыз еткен ісі.
Құдай ашу қылмаса қарғыс келіп,
Қабат қаза көре ме, – деді, – кісі?
Ажал жетсе бола ма өлмесіне?
Тағдырға амалы не көнбесіне.
Жылап, сықтап аяғы сабыр етті,
Өнің көз жеткен соң келмесіне.
Боялды Ибраһимдай екі ұлы қанға,
Қарғыс келмей қала ма байқағанға.
Жағыпар, Таяр бір күн ермек үшін,
Мылтық алып Кавказға шығады аңға.
Бұлар барды құтқармас жау қасына,
Ойнақтап бұлт та шықты тау басына.
Кемпірдің тапсырғаны тағдыр тосу,
Жүсіптің не көрсетті сау басына.
Кавказдан қара бұлт шықты аспанға,
Түсі суық қорқыныш байқасқанға,
Еңсергенде екпіні тау жыққандай,
Шығар емес ешбір жан шайқасқанға.
Бір түрлі жауын жуды сатырлаған,
Жүктей тас домаланып батырлаған.
Бір минутта он – он бес жай түсіп тұр,
Қорқытты жан иесін шатырлаған.
Бұлтты күні Кавказда жан шықпайды,
Егер шықса үйірге қосылмайды.
Мұны көріп Жүсіпке қайғы түсті,
Көп көрген бой бермейтін осындайда.
Заһира айтады: – Əй, əке, ағам қайда?
Қорқамын осы жауын болмас пайда.
Дегбірімді жүрегім алып кетті,
Көп жанға қатер болған осындайда.
Жүсіп айтты: – жауынды олар көрер,
Соқтықпай ешнəрсеге байқап жүрер.
Ағаңның алғаш көрген қоқай емес,
Қайдан жүрер соқпағын өзі білер.
Мұны айтса да Жүсіптің көңілі күпті,
Өзінде де үрей жоқ, жаман тіпті.
Баласын бір сөзбенен алдандырып,
Ақшамда байқайын деп тасқа шықты.
Сонда да Заһира бұған сенбейді көп,
Қан басып қара көзін бірге еріп кеп,
Кавказға сұп-сұр болып қарап тұрып,
Əй, əке, – қол сермеді, – келмейді, деп.
Кавказға қара көзі қарап талып,
Тұрғанда қорқынышты ойға қалып;
Əкесі үйге келіп жатқызады
Күмістей білгенен ұстап алып.
Енді айтайын Жағыпар, Таяр халін,
Жібермес ұстаған соң ажал залым.
Бір судан өтеміз деп секіргенде
Зор толқын келтірмепті оның əлін.
Тағдыр айдап бұларды шыққан бастап,
Өлтірген екеуін де тасқа жаныштап.
Тұла бойда сау қалған бір сүйек жоқ,
Толқын соғып шығарып кеткен тастап.
Ертең тұра ел-жұртты іздей берді,
Жатқан өлік біреуге кездей келді.
Жау емес жанды қинап соғысатын,
Күшті толқын қор етті есіл ерді.
Өлгенін бəрі естіді – ұлы-қызы,
Батты Жүсіп батырға қайғы-сызы.
Кемпірдің қарғысынан құтылуға,
Пана жоқ айнадай боп жердің жүзі.
Алып барып екеуін көміп кетті,
Бір қатар жылдар менен күндер өтті.
Ашық күнде аң атып қайтайын деп,
Енді Рахим аттанып тауға кетті.
Жəбірəһил жаудан келіп жатып алған,
Жарақат жаман болып есін танған.
Елу күндей емделіп тəуір болып,
Сол күні аң атуға о да барған.
Екеуі бір-біріне кездей келді,
Бірін-бірі көрген соң таныды енді.
Бірге өсіп, біте қайнап жүрген жігіт
Жолыққанда Жəбірəһил сəлем берді.
Екеуі екі тауды қылған мекен,
Көптен осы бірін-бірі көргені екен:
Рахим, саған айтар бір мұным бар,
Аттан түсіп сөйлессек болар ма екен?
Керіліп кекір Рахим аттан түсті,
Тəкаппар зор көкірек сондай күшті.
Өзін артық онымен тең көрмейді,
Менсінбей азар ғана сөз сөйлесті.
Рахим, құрбылас еді сенің жасың,
Əрекет бір қайғыда менің басым.
Заһирадай əйел адам жарала ма?
Өзгеше көрінеді қарындасың.
Қысылып Жəбірəһил солай депті,
Айтса да жүзі ұялап терлеп кетті.
Арсыз болып бұрыннан көрген емес,
Қысылғаны бетіне əсер етті.
Жіберді сонда Рахим тасырлыққа,
Ешқашан сендей жанға бас ұрдық па?
Заһираның сұлулығын құп білемін,
Сұрамақшы шығарсың қатындыққа.
Ұят шығып Жəбірəһил түре келді,
Ұнатпай тік айтқанын сезіп білді.
Сұрайын деп жүргенім рас еді,
Қалай қормын алуға бір əйелді!?
– Бұл сөзге мен көнбеймін, əкем көнсе,
Азғырған сен кедейдің тіліне ерсе.
Əкемнің де құлы көп сен секілді,
Атылып өлмеймін бе, саған берсе!?
Кесел сөз жақпаушы еді бастарына,
Сондықтан жан жүрмеген қастарына.
Сүйегін екі ағаңның жалғыз, алғам,
Құдайға аян, өзге жұрт қашқанында.
Рахим Жəбіраһилге жақын барды,
Сым ораған қамшысын қолына алды.
Маған үлкен жақсылық қылыпсың деп,
Қақ басқа келістіріп тартып қалды.
Жəбірəһил бұл дағы асқан батыр мықты,
Еш сөзді естімеген мұндай тіпті.
Тістегенде ернінен қан сорғалап,
Қабанша қырылдаған үні шықты.
Екеуі де қанжарға қолды қойды,
Аямасқа бекітіп алады ойды.
Ызаменен суырған улы қанжар,
Не қылса біреуінің басын жойды.
Рахим жас менсінбейді аса сермеп,
Қан басып екі көзін ашу кернеп.
Жəбірəһил əдіспенен ыңғайланды,
Қанжардан қапы кетер қайсы жер деп.
Əркімге де өзінің керек жаны,
Жəбірəһилің түзу боп аңдығаны.
Салғанда көкіректен шапқа шейін,
Қанжардың тіліп түсті қадалғаны.
Жəбірəһил көңілдегі сөзін айтып,
Бара тұрсын сонымен үйге қайтып.
Біреу тауып Рахимды апарғанда,
Төрт сөзбен əкесіне арыз айтып:
Əке... Заһира!.. Жəбірəһил.. – деді, – кегім, –
Ойлап Жүсіп бұл сөздің білді тегін.
Жылап тұрып Рахимге ант етеді,
Өле-өлгенше қумақ боп оның кегін.
Қарғыстан қорқушы еді улап ішім,
Өлмесе қанды қанмен жумақ үшін,
Сен де ант ет, – деп Заһираға ант еткізді,
Қажымай осы кекті қумақ үшін.
Рахим күні біткен өліп кетті,
Жəне бір еститұғын жері жетті.
Заһира көңіл көтермек тауға шығып,
Қараңыз тағдыр ісі қалай епті....
Тыңдасын осы өзім жөн шығады,
Білмеймін қай жерінен кем шығады.
Көкірегі қайғылы, көзі жасты,
Заһирадан басқа тауға кім шығады.
Əдет қып Заһира шығар тау басына.
Бұлбұл көңіл қоя ма аумасына?
Ояуда ойлап, түсінде көрген емес,
Бір жұмыс кездеседі сау басына.
Ей, Ғазел, қасыңызға рұқсат па! – деп,
Күңіренген үн шығады тау басында.
Ғазел де есіткен соң мұндай зарды,
Жүрек сөзді жігітке ғашық барды.
Ағынымен үйіне қайтса дағы,
Япырмай, бұл қалай деп аң - таң қалды.
Заһира кетті үйіне қадам басып,
Ғашықтық құтыла ма пенде қашып?
Көзін жұмса жігіт тұр сұп-сұр болған,
Не болды деп қарайды көзін ашып.
Ғашықтық Заһираға келіп түсті,
Еркектен əйел дерті болар күшті.
Таң атқанша көзінен бір кетпейді,
Жас жүрекке түсірді мұндай істі.
Ертең тұрып сол тасқа тағы барды,
Іздеген сол жігіті кез боп қалды.
Күнде көріп, жолығып, ойнап-күліп,
Ғашықтықтың ынтық болған дəмін алды.
Жетіпті мұрадына екі ғашық,
Қосылып бір-бірімен аймаласып.
– Қарағым, мұнда тұрмай бір шет жаққа.
Кетейін осы арадан алып қашып.
Əкемнен сұра мені саған берер,
Сұраған соң біреуге о да көнер.
Егер қабыл көрмесе мен айтайын,
Некелеп алуыңа тура келер.
Мені əкең өлтіруге бөгелмейді,
Мен, Жəбірəһил, көрінсем жібермейді.
Арман етсең сен дағы ант еткенсің,
Өлтірсең мен дайынмын егер, – дейді.
Білгені қызға жаман кетті батып,
Қаскүнемге кез кеппін қарап жатып.
Жалғыз бауырым Рахим естен шығып,
Мен ит болған екем деп кетеді атып.
Өлтірмек, Заһира, сенің уағадаң бар,
Не қылсаң да мен дайын міне қанжар.
Кетсең де өлім, бəрі бір өлтірсең де,
Мен жазықты болмаймын оны да аңғар.
Заһира өткір қанжарды қолына алды,
Қане айтшы, естиін деп өткен халді.
Алса дағы махаббат кекті жеңіп,
Қолынан қанжар жерге түсіп қалды.
Аллаға ақ екенсің ісің мəлім,
Сенімен бірге болды менің жаным.
Ақ, қара болсаң дағы тік қарауға,
Тағдыр осы қайтейін келмеді əлім.
Екеуі сол қызықпен жүріп алды,
Лəззатын махаббаттың біліп алды.
Дəлел жоқ Жəбірəһилден айырылуға,
Жарының жазасын көрді, нанды.
Жүсіп бір күні сұрайды Заһирасынан:
Сақ боп жүр, Жəбірəһилдің айласынан,
Сен көрдің бе ағаңның құныкерін?
Жүргенін мен естідім сай басынан.
Жүсіпке əуелгі айтқан жалғаны осы,
Айтпайды Жəбірəһилді жанның досы.
Кім көріпті, көргем жоқ, бекер шығар,
Неге керек, айтуға сөздің босы.
Мамыт деген қойшыға айтты Жүсіп:
Хабар бер Жəбірəһилді көрсең ұшып.
Кенжемнің тапсырғанын ұмытпаймын,
Аман-есен кетпесін көзге түсіп.
Мұнан кейін бірталай уақыт өтті,
Рахат кетіп, кезекті қайғы жетті.
Көзі шыққыр көр Мамыт тағы бір күн,
Кектескен дұшпаныңды көрдім депті.
Ол айтты: – Жəбрəһилді көзім көрген,
Жылдам жүр, асып кетті анау белден.
Əмірің батыр Жүсіп екі болмас.
Міндетті сөзім осы хабар берген.
Жүсіп сонда шақырды екі құлын:
Өлтірсек кім алады оның құнын.
Байқаусыз үш қанжармен жетіп барып,
Қарамай өлтірейік ығы-жығын.
Біреу айтты – Қанжарым қалмас кейін,
Сендерсіз-ақ онымен көрісейін.
Адам қанын ішуге құмары бар.
Салғанда кіріп кетер шапқа шейін.
Кəрі көз ашуменен кетті жайнап,
Бурыл қасы түюлі, қаны қайнап.
Үшеуі əлгі тасқа жетіп келді,
Кешікпей улы қанжар белгі байлап.
Сол таста отыр екен қашпақ болып,
Бұрылып Заһира сұлу аппақ болып:
Айырылды бір сүйісіп екі ғашық,
Ертең сонан бір-бірің таппақ болып.
Отырғанда тақаудан сыбдыр шықты,
Япырм-ай, бізді іздеген бар ма? – депті.
Хош Жəбірəһил, ертең кешке келемін, – деп,
Ымыртта сайға қарай жүріп кетті.
Бір түрлі дыбыс шықты сатырлаған,
Қанжардың дыбысы екен шатырлаған.
Жүгірді Жəбірəһилді бір көруге, –
Онсыз өмір жоқ, – деді, – ақыр маған.
Үш кісі ортаға ап жүр Жəбірəһилді,
Біреуі əкесі екен танып білді.
Оны өлтірсең, əй, əке, мен де өлем, – деп,
Дірілдеп, есі кетіп Заһира келді.
Жəбірəһил үшеуіне алғызбай жүр,
Көп те болса қимылын қалғызбай жүр.
Қасеннің шауып түсті оң бармағын,
Қанжарды денесіне салғызбай жүр.
Енді екеуі жабылды екі жақтап,
Күні бітті, тұрған жоқ Құдай сақтап.
Заһираның зар даусына қараймын деп,
Еңіренген жарына жүр жалпақтап.
Қамығып қарағанда қапы тиіп,
Қайдан келді дегендей іші күйіп.
Заһираның зарлығына алаң болып,
Қанды шаман үстіне қалды киіп.
Жəбірəһил қанжардан қалды талып,
Заһира кеп құшақтады оны барып,
Тілі келіп Заһираға «хош», – деп еді,
Оң жақтағы бетінен сүйіп алып.
Əке, менің кетірдің шамамды да,
Құдай алған жетім ем анамды да.
Құрттың тұқымыңды меніменен
Өлтірдің ішімдегі баламды да.
– Ағаңды өлтірді ғой осы залым,
Өзіңе де қылығы еді мəлім.
Көптен бері аңдыған дұшпаныма,
Үшеулеп əрең жетті менің əлім.
Əй, əке, өлгенімше көрмен сені,
Өлтірдің аямастан жалғыз мені.
Дірілдеп азар салып үйге келді,
Біткен соң Жəбірəһилдің ақтық демі.
Заһираға осы қайғы батқан екен,
Шын ғашықтың қайғысын тартқан екен.
Басты айтқан кəрі Жүсіп қапалығы,
Сонда Заһира өлер боп жатқан екен.
Шын ғашық шыбын жанды бүйім деме.
Жөні келсе өлуің қиын емес.
Артында ғашық жардың қалғаннан соң,
Жалғаннан кетуіне қайғы жемес.
Тартынбас таза жүрек мұндай жолдан,
Жігіттер, осы емес пе өлімі оңған.
Қажымайтын қиянатпен арлы болмай,
Беталды келе берсін иесі қолдан.
Заһира мен Жəбірəһилдің көңілі таза,
Жүсіп те ашуынан тартты жаза.
Жазықсыз бір жалғызды өлтірем деп,
Тəуір-ақ тапқан жоқпа сонан қаза.


Түсінік.


Ақылбай Абайұлы. «Дағыстан» («Кəрі Жүсіп»). Романтикалық поэма.


Ақылбай əкесі Абайдың кеңесі бойынша
үш поэма жазған. «Зұлыс» поэмасының оқиғасы ағылшын
жазушысы Г.Хаггарттың (1856–1925) «Сүлеймен патшаның
кеніші» атты əйгілі романынан алынған. Бұл поэма толық
сақталмаған. «Жаррах» поэмасы мүлде жоғалып кеткен.


Толық сақталған, романтикалық сарындағы «Дағыстан» поэмасының тақырыбы – əділет пен зұлымдық күресі.


Дастанға Дағыстан елінде, Кавказда болған оқиға өзек етіп алынғанымен,


қазақ өмірі үшін зор мəні бар əлеуметтік мəселелер
көтерілген. Дағыстан» – Абайдың ақын шəкірттеріне өзі
ұсынған тақырыбы. Поэманы бəрінен бұрын жазып бітірген Ақылбайдың поэмасы Абайдың да,


өзге шəкірттердің де көңілінен шығады.


Осы поэмасы арқылы Ақылбай қазақ
əдебиетінде Кавказды тұңғыш жырлаған ақын болды.


«Дағыстан» поэмасынан үзінді 1918 жылы «Абай» журналының 5-санында жарияланған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу