27.05.2022
  288


Автор: Нысанбай Жаманқұлұлы

Кенесары мен Наурызбайды жоқтау

Қоғамы күшті ер еді,
Киімді бала тудырған.
Ықпалы жүрген ер еді,
Алтынды қылыш будырған.
Абылайлатып ат қойып,
Дұспанды көрсе қудырған!
Көп сарғайтып келместей,
Кене хан, саған не болды?
Тұлпардан сайлап ат мініп,
Дорбадан жемін жегізген.
Жем орнына бал беріп,
Қысырдың сүтін емізген.
Басқан қалың жау жетсе,
Алып та шығар теңізден.
Кенекемді қалдырып,
Көк бурыл, саған не болды?
Патшада бар алтын тақ,
Жасынан Жаппар берген бақ.
Зілді қара бүркіттей
Шабытты туған сұғанақ.
Қанаты жоқ, құйрық жоқ,
Бір анадан жалғыз тақ.
Көп сарғайтып келместей,
Наурызбай, саған не болды?
Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Салтанатты хандардан
Жетім қалдым айырылып!
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайырылып!
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майрылып.


Нысанбай Жаманқұлұлы.


«Кенесары – Наурызбай». Тарихи тақырыптағы дастан. Нысанбай жырау Жаманқұлұлы
көтеріліске бастан-аяқ қатысып, көрген-білгенін жырға қосқан. Дастан алғаш рет С.Жантөрин мен Т.Сейдалиннің аудармасымен 1875 ж. «Записки Оренбургского отдела императорского русского географического общества» журналында жарияланды. Шығарманы 1912 жылы Қазан қаласында
Жүсіпбек Шайхысыламұлы жеке кітап етіп бастырған. 1923
жылы Ташкентте Х.Досмұхамедұлының, 1924 жылы Н.Төреқұловтың алғысөздерімен кітап болып шыққан




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу