Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  89


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Нағыз ақын

Ардақ тұтып ақын атын,
Періштеге теңегем.
Қияларға шақыратын –
Қиялымда еді өлең.
– Жек көрмейді олар өзін –
Сүйгені үшін басқаны, –
Деген ойға сана-сезім
Жіпсіз байлап тастады!
Жан сорласа аяқ асты,
Ақын ұғар – бір ұқса.
Жақсы көрер бар алашты,
Бөлмей ру, ұлысқа.
Жауы көріп бар адамды,
Шалқаламас ісіне.
Жақын тартар жаны адалды –
Бөлмей үлкен, кішіге.
Алған беттен қайта алмады
Шабытына мінгенде,
Бас июдің майталманы –
Тазалыққа, гүлдерге.
Оларға тән көрінетін
Тағы да өзге пәк қылық:
Өлеңдерім төгілетін,
Сезімдерім мас қылып
Мансапқа ол сатылмайды,
Қызықпайды ол ақшаға!
– Мендегі ұғым ақын жайлы
Бұрмас осыдан басқаға




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу