Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  104


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Күзге келіп тірелер жаз аяғы

Алынғандай мақсаттың
тас қамалы,
Күндіз оқып, түн – кітап
жастанады.
Қызықтырмас тірліктің
басқа жағы
“Басталған жоқ қаланың
дастаны әлі”.
Қалыптасқан қағида
бәз-баяғы,
Күзге келіп тірелер
жаз аяғы.
Бірінші жыл көп болса
“дарындылар”,
Бесінші жыл сол шіркін
азаяды.
Қаусырса да тағдырдың
қысталаңы,
Таусылмасын өмірге
құштар әні.
Бесінші жыл білімі
молығады,
Кей қыздардың бұрымы
қысқарады.
Аңдамасаң арманның
қиын сыны,
Арбамағай аярдың
жылымшы үні.
Алғашқы жыл құмартып
бесіншіге,
Ақырғы жыл аңсарсың
біріншіні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу