Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  81


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Арман әлдиі

Білгім келіп сағыныштың
не екенін,
Жүрек қалап жұрттан өзге
жеке өмір.
Арманымның туын биік
көтеріп:
“Жандары бар жырға ғашық
өте бір,
Аңдары бар баяғыдай
адамға өш,
Таулары бар гүл көмкерген
етегін,
Апа, – дедім,
– Алматыға кетемін”.
...Қала жаққа қамданғалы –
Жоқ төзім,
Құштар көңіл,
оған қоса пәк сезім: –
“Үлгі тұтқан үлкендерден
үйренем
Маған қарап есіне алар
жас кезін.
Көкірегімде күмбірлейді
жаңбыр ән,
Жаңбыр әнім, баста жолға
сан бұраң.
Жабасағым, саған арнар
тілекті
Әр тамшының үлесіне
қалдырам.
Мүмкін емес ұмытуы
мені мұң,
Бұған себеп – сенің маған
сенімің.
Көнереді көзқарастар
бұрынғы,
Түбегейлі өзгереді
өмірім.
Анашымды, өзгесін де
ұмытпай,
Хат жазамын арасын көп
суытпай.
Білім алу – ең бірінші
парызым,
Басты мақсат жүзеге аспас
мұны ұқпай.
Қала аруы, сенен күтем
бір қауіп,
(Бұл қауіптен тілеп алар
құрсау ұқ).
Менмен әлем, мейірімге
тарылма,
Менің көңілім сұлулыққа
тұрса ауып.
Сүйіп көрем біреуіңді
ең әсем,
Тазалығы Тәңіриямен
теңесер.
Өлең жазам сосын өртеп
ішімді от,
Ақын болып шалқу үшін
емес ол...
Сені өзіме тарту үшін
емес ол,
Өзгелерден арту үшін
емес ол...
Өміріңе шуақ шашу
жырыммен –
Көңіліңді суытқанда
көп есер!
Көшелерін Алматының
көп кезер,
Жарысқанда жолда қалар
еспе жел,
Қаңғыбас та атанармын...
(о, ащы ой!)
Ащы өксік алқымыма
кептелер...”
...Қарсы алдымда қарлы Алатау,
Көктөбем,
Және арманым –
ғұмыр бойы көксеген.
Кәусар кезім,
Сондай кәусар сезіммен
Алып-ұшып
Алматыға жеткен ем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу