Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  158


Автор: Бейбіт Сарыбай

Құлпытас

Сұр күздің күні
Сұрланып тұрды тұнжырап.
Шешесі үйде,
Әкесі сыртта тұр жылап...
Шетінеп кеткен жеті айлық қызды
жерлеп кеп,
Отырды бәрі
Үн-түнсіз өксіп қалжырап.
«Қызылдан» дейді
Қып-қызыл гүлдің ажалы,
Атасы отыр келінге қарап назалы.
Енесі қарап бос қалған анау бесікке,
Қуарып кетті алқызыл алма ажары.
Келіннің өзі келмеске кеткен қызының
Жөргегін иіскеп, қимады жерге бұзығын.
Бесікпен ғана шектелген қайран тағдыр-ай,
Көрмеді-ау мына өмірдін басқа кызығын.
Арсыз ажал-ай,
Періште қызда несі бар?!
Қайтар да оны,
Орнымнан мені кесіп ал!
Шырқырап жылап үш жасар қызы қоймады.
Үлкендер қойды,
Олардың ақыл есі бар.
– Меруерт қайда,
Қайтадан енді келмей ме?
Әжем жатқан жер бізге оны кайтіп
бермей ме?
Кішкентай қыздар өлуші ме еді,
Сенбеймін.
Өлетін болса, кәрі аталар өлмей ме?!
– Жылама қалқам.
Өмір дегенің күресін,
Өсесің әлі,
Өскесін бәрін білесің.
Қалған ғұмырын өзіңе берсін бір Алла,
Сен де әжеңдей кәрі апа боп жүресің.
Кішкентай қыздың іші де толы шерлі екен.
Шерлі көңілмен көзімнің жасын селдетем.
Тағы да жылап, қайтадан дауыс көтерді:
«Меруерт қайда?
Мен енді кімді тербетем?»
Қыздың көз жасы барлығын қайта боздатты,
Қара қайғының қызыл оттарын қоздатты.
Ерте ме, кеш пе күндерін осылай тауысып,
Тағдыр жазғасын өмірден адам озбақ-ты.
Жапырақ ұшты,
Қайыңның белі бүгілмес.
Өлім мен өмір қашаннан-дағы түбірлес.
«Көздерің жасы мойнына ауыр жүк болар,
Қойыңдар енді,
Жылағанмен тірілмес.»
P.S.
Жазмыштан озмыш жоқ екен дедім,
Тәңірге.
Кішкентай ғана төмпешік жатыр қабірде.
Кұлпытас қылып жыр жаздым саған
Меруертім
Қолымда бары осы ғана ғой, қазірге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу