Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  105


Автор: Ибрагим Иса

Жүрек сыры

Иманғали Тасмағамбетовке
Бұл өмір өте шығар алмағайып,
Таңдансақ жақсыларға таңданайық.
Ақылды бір азамат бар деп әр кез,
Атыңды жүреміз ғой елге жайып.
Біреулер тапқандарын санап әлек,
Бұл өмір мақсатсызға неге керек.
Шалқайып жоғарыға қарамаймыз,
Ортайып көңіліміз қала ма деп.
Біздерді қадірлейді, таниды ел де,
Жағдай айта бермейміз көрінгенге.
Кейде біз армансызбыз баладан да,
Кейде біз қорғансызбыз сәбиден де.
Басылса көңіліміз өрге жүзген,
Кері қайта саламыз келген ізбен.
Қамсыз адам сияқты көрінгенмен,
Әлсіз адам жоқ шығар кейде бізден.
Жақсыларсыз тіршілік жалғаса ма,
Сеніп жүре береміз алдаса да.
Әзірге беделіміз жоғалған жоқ,
Кей-кейде керегіміз болмаса да.
Көбейді көңілдердің қойыртпағы,
Жандаймыз қалтылдаған қайықтағы.
Білемін, кетпесін деп жүрген жансың,
Өнер мен әдебиеттің тайып бағы.
Бағыңды елің ғана електесін,
Құдайым сендей жанды жүдетпесін.
Жігіттің жақсылығы жалғаса ма,
Болмаса біз секілді тілектесің.
Абырой абырой ма сатып алған,
Жақсының жақсы ісімен аты қалған.
Халықпыз үзілгенше үміт күтер,
Қашанда жүрегінің оты бардан.
Бастауы сияқтанған берекенің,
Сол оттың білем сенде бар екенін.
Әйтеуір танытатын жандар керек,
Қашанда еліміздің Ел екенін.
Жалғаған бір аңызға бір аңызды,
Қалайша ұмытамыз бабамызды.
Өзіңдей оятатын бір жан керек,
Ескіден қалғып жатқан мұрамызды.
Көрмеген әлі талай алда сын көп,
Халықпыз кегі қатқан қорғасын боп.
Ой-санаңды жаңғырт деп жүрген жансың,
Ұрпағымыз мәңгүрт боп қалмасын деп.
Уақыттың сынағында шынықтырып,
Жаратқан талғамыңды биік қылып.
Өшпейтін жүрегіңнің жылуы ғой,
Жүрген де өз еліңе сүйікті ғып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу