Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  106


Автор: Ибрагим Иса

Патшалар

Асықпасаң тарқатам деп шеріңді,
есігіңмен теңестірді төріңді.
«Ақылдылар артық» деді бір патша,
бір патшаға адам артық көрінді.
Теңестірді теңізің мен көліңді,
теңестірді ошағың мен көріңді.
«Наның артық екен» деді бір патша,
бір патшаға малың артық көрінді.
Төңкеріс те жасамай-ақ қан аққан,
патша келді үміт үзген тарақтан.
Осы патша есін алды халықтың,
осы патша өшін алды арақтан.
Алғашқыда (аңғалдық қой) құптадық,
Сол патшалар патша болмай шықты анық.
Арқамызға мықтап тұрып байлады,
иығымыздан жылжып кеткен жүкті алып.
Халық болдық қуанбайтын, күлмейтін,
халық болдық жүрер жолын білмейтін.
Жандайшаптар, жағымпаздар қаптады,
патшалардың қолтығынан үрлейтін.
Ешқашан да іздемейтін тарақты,
екі патша... Екі түрлі таң атты.
Біріншісі буып, түйді халықты,
Ал, соңғысы қиып-қиып таратты.
Осылайша іріп кетті ел деген,
Сұмдықтарды көріп жүрміз көрмеген.
Қиындық боп біз аңсаған еркіндік,
Жұтқыншаққа тұрып қалды көлденең.
Қымбатшылық. Талай қазан бос қалды,
Ойыншық еттік талай ойлы бастарды.
Асқарларға күліп шығу орнына,
Өзгеше бір іріп-шіру басталды.
Әрбір патша әр қырынан ойланды,
Мағынасыз талай тойлар тойланды.
Таланттар табалдырық жағалап,
Алаяқтар заманына айналды.
Бір өшіріп, бір қосқандай жарықты,
Патша ауысты. Халық жүдеп, тарықты.
Аямауға, айыптауға бола ма,
Сенімінен жұрдай болған халықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу