Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  113


Автор: Ибрагим Иса

Икем

Зер салып оң мен солыма,
Туғалы бері итеңдеп,
Өмірдің қиын жолына,
Өзімді жүрем икемдеп.
Адасып жүрген жоқпын ба,
Деп көзімді ылғи сүртем кеп.
Түсетін жерде қақпанға,
Құтылам өзімді икемдеп.
Икемдеп елдің көңілін,
Икемдеп бар мен жоғымды.
Жүреді икем – серігім,
Икемдеп аш пен тоғымды.
Ойымды кейде өтпеске,
Икемдеп әрең өткізем.
Қолымды кейде жетпеске,
Икемдеп жүріп жеткізем.
Икемсіз өмір – көңілсіз,
Икемсіз адам – бос адам.
Болады кейде сенімсіз,
Икемді ісің жасаған.
Шығасың үйден кей күні,
Ойыңды іштей көркемдеп.
Жолықтырасың қайғыны,
Сырқатың жүрсе икемдеп.
Түскенде тозаң көңілге,
Ойлайсың енді қайтем деп.
Ажалдан ғана өмірде
Құтыла алмайсың икемдеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу