Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  156


Автор: Бақыт Беделханұлы

Жалғыздықтың жан-ары

Не дауасын, таппаған соң өзге емін,
Өкінішке өртей алмай өзді өзін.
Аппақ айдың нұрын емген нұрлана,
Жұлдыздарға қадап қойып көздерін,
Сенің жалғыздығың-ай!
Ағаларға міндет қылмай ақтығын,
Ашынса да айрандамай пəктігін.
Інілерді ізетпенен қарсы алған
Жүрегінің желбіретіп ақ туын,
Сенің жалғыздығың-ай!
Тырс-тырс етіп мына тылсым
тыныштық,
Төгілгенде өлең болып ып-ыстық.
Дүниенің бар қиянат, сұмдығын
Қапсыратын қабырғасын қылыш қып,
Сенің жалғыздығың-ай!
Аспанында мың жұлдыз бар шашылған,
Табынында бір жұлдыз бар ашынған.
Аяғында екі өмірдің етігі
Біреуі оның қонышынан басылған,
...Əй, сенің жалғыздығың-ай!
Сатылмаған, сатылмайтын, сатпайтын.
Сол үшін де еш пендеге жақпайтын.
Адасса да айғай, аттан салмай-ақ,
Бір құдайдан басқа ешкімді қақпайтын,
Сенің жалғыздығың-ай – Менің
жалғыздығым-ай




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу