Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  78


Автор: Ошақбай Суханберлин

Келімсек

Қаражалдың дүрілдеп,
Ашылатын кезі еді.
Бір байлықтың боларын,
Ішім жақсы сезеді.
Жан-жақтан келіп төгілді,
Әр түрлі халық өкілі.
Бір сары кеп бір күні,
Бірдеңе деп көкіді.
-Ей, киргиз! – деп келгенде,
Зу ете қалды жүрегім.
Зытып үйден кеткенмін,
Сақтанып бірақ жүремін.
Бірде тағы кездесіп,
Киргиз маған кел,- деді
Кейде күліп, қорқытып,
Нан, құрт әкеп бер,-деді.
«Құтырғаннан құтылған»
Нан, құрт беріп сыйладым.
Қорқытып кейде жүрсе де,
Жамандыққа қимадым.
Атама келіп бір күні:
- Бір орыс мені таныды,
Қырғыз деп менен қалмайды,
Деп айтып ем, налыды.
- Сені білсе ол пәле,
Бірдеңе етіп жүрмесін.
Бақылап жүр үйді де,
Алдап сені кірмесін.
Деп айтты атам ақылын,
Қорқып жүрдім, бірақ та.
Сырын білдім мен кейін,
Білгіштерден сұрап та.
Сөйтсем сорлы қазағым,
Тіршілігің бекер ғой.
Қазақ демей – қазақты,
Қырғыз -дейді екен ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу