Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  115


Автор: Сергей Есенин

Бейопа, беймағына

Бейопа, беймағына
Кетсінші әрі кезбе кез!
Келші, аяулым, жаныма,
Сырласайық көзбе-көз.
Шашың да алтын,
Күз де алтын,
Айдан өңің аумайды.
Құлын мүшең, қыз қалпың
Қызықтырып баурайды.
Дәм, дауасын Даланың
Ұмытқандар қаншама.
Қармағына қаланың
Іліккендер қаншама.
Дүйім дүние дүбірі
Жұмағыма жетпейді.
...Құрбақаның құрылы
Құлағымнан кетпейді.
Жатаған үй, жаппа там
Шығар ма әсте есімнен?!
Ана, сенің Ақ батаң
Мені ақын ғып өсірген.
Сарғалдақтай сол бала
Неге бүгін шет құмар?
...Тобықтай құс торда да
Сайрағысы кеп тұрар.
Сайрай-сайрай жақ тынар,
Салқын тартып өне бой.
Жағалауға лақтырар
Бізді де ертең Телегей...
Суық құшақ, сұм ажал –
Өлгендердің өң-түсі.
Мына соқпақ, мына жол
Келгендердің еншісі.
...Бейопа, беймағына
Кетсінші әрі кезбе кез!
Келші, күнім, жаныма,
Сырласайық көзбе-көз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу