Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  93


Автор: Сергей Есенин

Ысқырмаймын тектен-текке көшеде...

Ысқырмаймын тектен-текке көшеде,
Пысқырмаймын селт етпеген мұратқа!
Жұрт ойынша бүгін және кеше де
Телі екенмін «тентек» деген бір атқа.
Айта берсін!
Сол болса алар сыбағам,
Қайбіріне ізетшілше иілем.
Хаққа құлай сенгеніме ұялам,
Әлі сеніп жүргеніме күйінем.
Қайран, менің қайта оралмас күндерім!
Өттің, кеттің...
Жалт еттің де жасындай.
Кімге керек бейпіл өмір сүргенім
Бағымды да, сорымды да жасырмай.
Ақын әркез өзіне-өзі кереғар,
Маңдайына Алла аяны жазылған.
Ел-жұрт емес,
Түбінде оған ие болар
Қарыстай жер қара жерде қазылған.
Соған бола сорлы жанша күнелтпе,
Соқа басқа сол ғана ма керегі?
Жеме-жемде –
Жын жайлаған жүрекке
Періште де сыйып кете береді!
Түн талықсып,
Таң қауызын жарғанда,
Жан-тәніме ие болар Періштем.
Кірпігімді күзететін жандарға
Соңғы сәтте тілек етем мен іштен:
«Екі қайта келе алмаспын мен енді,
Кіршең дүние қайдан кірсін түсіме...
Кебін емес, жөргекке орап денемді
Қойыңдар, – деп, – қабірімнің ішіне».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу