Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  116


Автор: Әбубәкір Қайран

Бір ақынға

Сен өмірмен ойнайсың-ау, ақыным,
Пәлсапаңды сәл қоя тұр... ақырын.
Әзілдеспе данышпанмен, данамен,
Абайлағын аналардың жатырын.
Болды, болар бұл өмірде нелер шың,
Солар жаққа жолың түссе келерсің.
Етегіңнен шап бергенде біреуі,
Жаннан басқа кымбатыңды берерсің.
Сәл босатып шабыт буған денеңді,
Таразыла өмір, өлім дегенді.
Өмір – жалған, мәңгілік бар өлімде,
Мәңгіліктің жырын жырла сен енді.
Қорқасың ба, қорқа көрме, пақыр жан,
Мәңгілікте ақындар жүр аһ ұрған.
Қас жауына қан шеңгелін батырған,
Мәңгілікте батырлар жүр ақырған.
Сен солардан қорқасын ба, шынымен?
Бітіп пе едің боқ дүниенің мұңымен?
Пәлсапаңды сәл қоя түр жасанды,
Ақын болсаң, шын күңірен, күңірен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу