Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  102


Автор: Әбубәкір Қайран

Нелер таяп келеді??

Жер бетімен келеді –
У ішкендер келеді.
Ін түбінен ін қазып,
Су ішкендер келеді.
Құрым етік,
құрбақа,
тамыр жеген келеді.
Қарындасын каңғытып,
қамыр жеген келеді...
Жер бетімен келеді –
қансыраған келеді.
Қансыраған жүректі
Жаншып арам келеді.
Құрт-құмырсқа қуалап
Құмай тазың келеді.
Қара құстың астымен
Қоңыр қазың келеді.
Жер бетімен келеді –
Атпал Адам келеді.
Атпал Адам алақтап
масқарадан келеді.
Кірпиязын кірлетіп –
қылаң қыздар келеді.
Қылаң қыздан дәметіп
шын арсыздар келеді.
Жер бетімен келеді –
Ішіп-тойған келеді.
Ар – дастарқан үстіне
құсып қойған келеді.
Жанарлары жасқанып
жасық туған келеді.
Маңғазданып,
мастанып,
пасық туған келеді.
Жер бетімен келеді –
ыбыр-жыбыр келеді.
Күңіреніп Күн – Тәңір
бетін баса береді.
Шошқа мұрын,
ит басты,
сиыр аяқ келеді.
Пайғамбарлар пендесін
қиын аяп келеді...
Нелер таяп келеді?
Нелер таяп келеді?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу