Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  108


Автор: Серік Әбіл

АЛТЫН НЕКЕ - АЛТЫН ТАҢ

Шындығымды жасырайын несіне,
Бір хат жазғым келді сізге көсіле
Ұлы қорған төбесінде тұрғанда,
Ұлылығың түсті, аға, есіме.
Өз кезінде Сіз де осында болғансыз,
Балалықтан даналыққа толғансыз.
Нарқың үшін нар жолынан таймаған,
Халқым үшін Сіз де ұлы қорғансыз.
Ойлы жанға елмен жері егіз мұң,
Халық үні қашандағы негізгі үн.
Ақылыңды арнасына баладым,
Тебіреніп жағасында теңіздің.
Таулар қанша төсін жұртқа бермеген,
Баулар қанша саясын жан көрмеген.
Белдер қанша бетегесін қимаған,
Көлдер қанша жағасында ел шөлдеген.
Қырлар қанша гүлін берген есекке,
Ұлдар қанша ұйықтап өткен төсекте.
Жырлар қанша, сырлар қанша айтпаған,
Құлдар қанша алынбаған есепке.
Ана қанша ауыл үйден аспаған,
Аға қанша атаға ақыл қоспаған.
Ерке қанша ел үмітін тастаған,
Серке қанша сетерлерін бастаған.
Аспан куə, құс біткенге самғаған,
Халық бір
-ақ, тек қыранын таңдаған.
Кезде мынау белгілі ғой бəрі де,
Дүниеде құпиялық қалмаған


Жылдар жылжып, айлар анау аунаған,
Шын биіктер елді əркез баураған.
Ағалардың еңбегінің алдында,
Тарыдай боп сезіледі тау маған
Сараптаған өмір
-өзен салмағын,
Сан ақтаған аналардың арманын.
Парақтаған парасат пен талғамын,
Ардагерім, асыл аға, ардағым.
Таң асырып тарлан көңіл тұлпарын,
Ертең не боп кетеді деп ұрпағым.
Тəңір таудың оң
-солына көз салып,
Сұңғыла ойда отырсыз ба, сұңқарым.
Елім депсіз елу жылдың бойында,
Орда қамы орай бермей ойынға.
Алтыннан да ардақтысыз, ағажан,
Ақ таңдағы алтын неке тойыңда.
Еске түсер елу жылдық жолыңыз,
Ойлап
-тағы үлгірмеспіз оны біз.
Қанша ұрпақтың ақ сапарын ашты екен,
Қалам алған қасиетті қолыңыз.
Болсаңыз да шырайы нұр шың бүгін,
Еске алғанда ескі күндер шындығын.
Түске кіріп түлететін шығар- ау,
Сұлубайдың əнін салған шіңгілің.
Таңдар
-таңдар,
таусылмайтын талқы тың,
Бірге депсіз елімменен бар құтым.
Сағынатын кезіңіз де бар шығар,
Қабадағы қара қостың сарқытын.
Талай аңыз тағылым боп тарқаған,
Ерен еңбек ісіңізді ел алқаған.
Жоңғар төсін жүз айналған атпенен,
Кезіңізге куə Үліңгір – қарт анам.
Əшім ата күйін шертсе бір өрен,
Кеудесінде тербелетін гүл ерен.
Жүзіңізді жуып сұлу Сайрамға,
Жүрдіңіз бе қайтқан кезде Іледен.
Тарихқа тəлім болар талғамсыз,
Майлы
-Жайыр, барлыққа да барғансыз.
Десек
-тағы, адам болмас армансыз,
Салиқалы сара жолды салған сіз.
Алтай, Ақсу, Қашқар, Құлжа, Дəлəкең,
Бəріне де бір көзбенен қарап ең.
Маған егер бір күн тисе билігі,
Тəңір тауды сыйға бере салар ем.
Маған егер бір күн тисе билігі,
Тəңір тауды сізге бере салар ем.
Сақтап ерек “ел анасы “ есімін,
Көп ойлатып көп істердің кесімін.
Зүпира апай жүрген шығар зыр қағып,
Ағайынға айқара ашып есігін.
Тең көтеріп қиындықтар қинаса,
Жұрт жүрегін сездіңіздер сыйласа.
Елу жылда елге құйған шəйі да,
Сары теңіздей болған шығар жинаса.
Елу көктем, елу күз, қыс, елу жаз,
Шұғылаға шуақтаған елің мəз.
Тебіндеген тер төгуші болғанмен,
Сенімменен сертін берер сенімді аз.


Жарым ғасыр жаныма сыр құйғандай,
Жарасып тұр шертсек
-тағы күй қандай.
Өзіңізге берекені белгі еттік,
Сөзіңізге ұйығандай имандай.
Ал, ағайын, жүрек сырын айтыңдар,
Бүгінгі сөз кеңес емес жəй тыңдар.
Елу жылдық шаңыраққа сəлем қып,
Елу шыны қымыз ішіп қайтыңдар.
Керегесі халқым менің керілген,
Уықтары ұландары тебінді ең.
Босағасын беріктеген сеніммен,
Телегей ел айналайын тегіңнен.
Ойыңыздың тереңдігін, кеңдігін,
Биіктігін жырламасын енді кім.
Нар жолында қалдырмай еш ел жүгін,
Таныттыңыз ерлігін де елдігін!
Жарқын жүзі жігер беріп ұрпақтың,
Төр төсінде көсіліңіз нұр тақтың.
Алтын неке жылдарыңызды тойлап,
Астанадан жырымменен гүл тақтым.
Ақыныңмын, жарасармын шарқ ұрсам,
Ақылыңмын, адасармын тартынсам.
Туған елім бар ағаның басына,
Келе берсін алтын неке – алтын таң!
Елім деген ерлерімнің басына,
Келе берсін алтын неке – алтын таң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу