Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  115


Автор: Дулат Бабатайұлы

Сауыр жерден айрылып

Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз, қайда барасың?!
Жағаңдағы сұлу тал,
Саясының шөбі бал,
Ерекше семіз ішкен мал.
Сумаң қағып сүйріктей,
Шалқып шапқан жүйріктей
Екіге бөліп ерке су
Қас пенен көздің арасын!
Тарбағатай тауынан
Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйісіп,
Ақтың төмен жосылып.
Ағының тасты ағызып,
Арнаң қалды осылып.
Күркіреген үніңнен
Аңдар қашты шошынып.
Қырға суың тарады,
Ойға суың барады
Тоғанменен тосылып.
Аягөз, сенің бойыңда
Несібе, ырыс тегіс қой,
Сай-салаң толған жеміс қой.
Қырың – малдың кіндігі,
Ойың – өнім егіс қой.
Айтуға ауыз келе ме,
Аягөз кімнің жері еді?
«Жер сауырын – жайлауды
Ел сауыры» дер еді.
«Жер кімдікі?» – дегенде,
Аға сұлтан, қазылар
Не деп жауап береді?
Сауыр жерден айрылып,
Қазақ елі жұқарды,
Сауыр емес, шап болды.
Заманға сай адамы –
Қу заманға сұм басшы
Сорымызға тап болды.
Жағаңа дуан түскен соң,
Суыңды орыс ішкен соң,
Аягөз суы қағынды.
Би, старшын мойнына
Жезден қарғы тағынды.
Аға сұлтан, қазылар
Майырға болды жағымды.
Шайқады қулар тағымды,
Тайғызды бастан бағымды,
Сындырды, елім, сағыңды.
Қара ісіне дем беріп,
Қарайтты әдей ағыңды.
Ұзын өріс қысқарып,
Кең қонысың тарылды.
Сөзіңнен кетіп пәтуа,
Құт-берекең арылды.
Ағайын араз болған соң,
Ел екіге жарылды,
Қарайласпай жоғыңа,
Көре алмай, күндеп барыңды.
Жауға шабар ерің жоқ
Сақадай болып сайланып.
Төсекжанды мырзалар
Ала баспақ байланып,
Үйкүшіктей үреді
Отының басын айналып.
Жеріңнің алды шұрайын,
Дуан салып жайланып.
Датыңды айтсаң майырға,
Сібірге кеттің айдалып.
Бейнең қандай болды екен,
Қарасаңшы бір мезгіл
Қолдарыңа айна алып.
Жерге қарай мал бітіп,
Малға қарай құт болмақ.
Қонысынан мал тайса,
Құты кетіп, жұт болмақ.
Айтып-айтпай, немене,
Күн өтіп, уақыт біткендей –
Сары аурудай сарылып,
Өлімді аңсап күткендей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу