Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  236


Автор: Серік Сейітман

Қазақ рухының қаранары

Көп еркектің кеткен кезде заты ез боп,
Қандасым қас болса, мені жат езбек.
Дәлелдеді гәп есімде емесін
Өзбекәлі – өзі қазақ, аты «Өзбек».
Бір күдік бар тыным бермес санама:
«Қазақ мәңгі қазақ күйде қала ма?!».
Орысқұл боп ғұмыр кешер болса егер,
Қазақбай деп ат қоймаспын балама.
Бұ заманнан басқаша еді о заман,
Баскесердің тұрған шағы көзі аман.
Тексіздер кеп тың игерген даламен
Наурызды қауыштырды Өз-ағам.
Сатқындарға садақ болған жебелі,
Арманы оның шашынан да көп еді.
Ет астырып, Наурызкөже пісіртіп,
Тайқазанмен ел тойдырсам деп еді.
Ол жетпеді,
Бұл арманға ел жетті,
Тайқазаны Түркістанға төрлетті.
Қайта туған нәресте еді Наурыз,
Қазағының қолында өсіп, ер жетті.
Сен кеткен соң келді қайта қазан ә,..
Мен сенбеймін, ел сенбейді қазаңа.
Наурыз сайын әруағыңа дұға етем,
Әруағыңнан айналайын, әз аға.
Көтерсек те осы жолда қанша дау,
Керек боп тұр Өзекеңдей шаршамау.
Тіл сатқанның тілін кесіп өзінің,
Тайқазанға бір қуырып алсаң-ау.
Жаһандану жұтқысы кеп тұр қанбай,
Оған қарсы оқ атады кім қандай?
Бар қазақтың жүрегінде Өз-ағам
«Қазақ бол!» – деп Жарлық етіп тұрғандай.
Әрбір үйдің оятып әр баласын,
«Қазақ бол!» – деп кезіп жүр ол даласын.
Секем алып, селт етпеген Жарлыққа
Қылмыскердің Құдай берер жазасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу