Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  135


Автор: Серік Сейітман

Әлі мен әкесі

Бойдағы бар күш-жігерін албырт дертке тәрк ете,
Төсек тартып, ажалменен арпалысты қарт әке.
Он жыл болды жатқанына орнынан бір тұра алмай,
Өмірінде албырт ауру көрмеп еді мынандай.
Қол-аяғы мешеуленді, сау болса да санасы,
Он жыл бойы алақанда аялады баласы.
Үлкен-кіші дәреттерін тосып жүрді астауға,
Ұялды елден қарттар үйіне табыстап-ақ тастауға.
Сол сан жылдың бір күнінде Әлі әкесін арқалап,
Тауға қарай бағытталды,
Тосып алды жарқабақ.
Іріңденген қарт көзінде мөлдір тамшы жас ойнап,
«Балам мені қыдыртпақшы!» деп ойлады масайрап.
Сонда Әлі әкесіне қарап тұрып, тіл қатты,
Қос жанарын мұң басты да әр сөзінде зіл жатты:
− Бұрын досым тым көп еді ортақ болған арманы,
Ал бүгінде сол достардан біреуі де қалмады.
«Сасық үй» деп бәрі қашты, тарылуда өрісім,
Қос балалы жарыммен де ажырастым сен үшін.
Әке, маған туыс керек, жолдас керек, дос керек,
Енді сені өлтірмеуге таба алмаспын еш себеп! −
Сонда әкесі баласына қарап жатып, тіл қатты,
Қос жанарын мұң басты да әр сөзінде зіл жатты:
− Мен де әкемді өлтірген ем осы жардың астында!..
− Басқа сөзін айттырмастан құлады дәу тас мұнда...
Халықша айтсақ: «Ата-ананың қарғысы
тең оқпенен»,
Перзент үшін қарғыстан зор еш қасірет жоқ дер ем.
Әлгі Әлінің ұлы да өсіп, тәрбие алып кереғар,
Ол да әкесін өлтірмеске кім кепілдік бере алар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу