21.05.2022
  257


Автор: Серік Сейітман

Әкенің ақ тілегі

(қыз ұзату)
Жақындатып екі ауылдың арасын,
Бауыр етім, бізден ұзап барасың.
Кеше ғана ойнақтаған ботам ең,
Бой жетіпсің,
Күні ертеңгі анасың!
Кейде тар боп дүниенің кеңдігі,
Кейде тағдыр сынайтыны белгілі.
Жыла бүгін,
Сыңсу айтып жылап ал,
Жылатпасын өмір, дәйім, ендігі!
Салтың сақта, дәстүріңді ұлықта,
Қазақтығың – бабаң салған ғұрыпта.
Қосағыңды қадірлей біл,
Сен оның
Қабырғасы екеніңді ұмытпа!
Сендер көрмей соқпақтарды біз көрген,
Айнымаңдар тура жолдан, іздерден.
Жан-жарыңа жан жетпейді жалғанда,
Кісі жары жақсы болсын жүз жерден!
Қарыс – қарыс, сүйемді жұрт сүйем дер,
Етегіңе ерсін ерке жиендер.
Әкең осы – мал жимаған, ар жиған,
Қолы қысқа «мынау – биең,.. түйең!» дер!
Қандай ауыр осынау бір шақ десек,
Бақшаңа кеп, егіп кетсін бақ көшет.
Жолың мәңгі ақ болсын деп ырымдап,
Ақ батамен аттандырдым ақ төсеп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу