Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  114


Автор: Гүлсара Шалқар

Сен айтқан сыр - мен жазған сыр

Иә, мен әлі Бөпемін:
Қоштаспаған әлдиімен Әкенің,
Перзенттіктің білмейтін еш өтемін.
Бой түзеп Мен үлгермесем де,
Ой түзеп Мен үлгермесем де,
«Бойжеткен», − деп шақырады көркем үн.
Иә, мен әлі Баламын:
Бал қылыққа толы жәудір Жанары,
Адалдықтан аттамаған Қадамы,
«Мен үшін Сен бұлай жаса» деп,
«Мен үшін Сен олай жаса» деп,
Мезі қылар шектен шыққан Талабы!
Иә, мен әлі Еркемін:
Бұл өмірім − кітаптағы Ертегі.
(Армандаумен өтіп жатыр келте күн.
Сабырлы боп күтуім керек,
Бақытты боп бітуі керек
Ертегімнің сынға толы Ертеңі!)
Иә, мен әлі Әлдимін:
Қиялменен өмірімді сәндеймін.
Адамдарға Шынайылық тән деймін.
Қутыңдаған көздерге сенем,
Сумаңдаған сөздерге сенем,
Адам біткен ең қадірлі Жан деймін.
Иә, Мен әлі Сәбимін:
Жүрегінен жыр боп шығар нәби-үн.
(Надандарды Адамдар деп танимын).
Жақсылыққа ортақ боп әркез,
Жамандыққа шорқақ боп әркез,
Шаттығына айналсам ғой әр үйдің!
Иә, мен әлі Аңғалмын.
Жетегінде жүрген асқақ Арманның,
(Ұнатпайтын Ұрыс-Керіс, Жанжалды).
Есейтпеген Өміріме бұл,
Сәбитектес Көңіліме бұл
Талай жандар Сен секілді таң қалды.
Мен осындай Аңғалмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу