Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  142


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Намыс

Еге болмай талтаңбай мен тасырға,
Ажыратпай құрт-құмырсқа, қанқұрт не.
Кешір, баба, ХХІ-ғасырда
Қазақстан қол соғып тұр мәңгүртке.
Қазақстан қол соғып тұр жоқ есі,
Ақша менен атақ улап санасын.
Даңғойлықтан көкке жетпей төбесі,
Тоңмойынға турап берген даласын.
Қазақстан қол соғып тұр ұялмай,
Намысы жоқ нәмәрт жандай, жоқ Ары!
Қарғыс атқыр құл мінезін қия алмай,
Қара басын көтере алмай жоғары.
Қазақстан қол соғып тұр, әлі де
Көсемдерге қол соққандай беріліп.
Құшақ жайып қиянатшыл бәріне,
Өзекжарды өз ұлынан жерініп.
Қазақстан қол соғып тұр, не дейін
Байшыкеш пен бодан болып басырға!
Күн шалдырып күміс дейтін көмейін,
Қыран көкке ту көтерген ғасырда
Кешір, баба...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу