Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  120


Автор: Несіпбек Айтұлы

Кім үшін келдім өмірге

Мари ақыны Сергей Чавайннан


Ойларым еркін, қуатты
Жаһанды тынбай шарлайды.
Сапырып көкті шуақты,
Қырандай биік самғайды.
Шырқаймын асқақ дауыспен,
Көргем жоқ жасып, қорғалап.
Жалғайтын мені ғарышпен,
Табиғат берген бар қанат.
Әлемді түнек тұр басып,
Несіне бірақ опынам.
Жөнелер қара түн қашып,
Көзімнің сөнбес отынан.
Күні-түн арай төгемін,
Ел үшін түсіп тартысқа.
Жаңғыртып дүние көлемін,
Дауысым жетті әр тұсқа.
Жетелеп нұрлы көктемге,
Ойларға толы шақ мына:
Үңіліп терең өткенге,
Болжаймын болашақты да.
Қуамын түнді қараңғы,
Бастаймын таңғы жарыққа


Қуантып мұңлы адамды,
Шашамын шұғыла халыққа.
Ойларым еркін, қуатты
Жаһанды тынбай шарлайды.
Сапырып көкті шуақты,
Қырандай биік самғайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу