Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  120


Автор: Несіпбек Айтұлы

Қияметтің көпірі

Тарбағатай – туған жерім, алыс қалды аржақта,
Шыдар ма екен буған белім зілден ауыр салмаққа.
Құлақ салмас керең дүние мендей мұңлық зар жаққа,
Кімге барып шағынамын, жыламасам аруаққа.
Қанатым жоқ, өткізбейді қияметтің көпірі,
Қуғанменен жеткізбейді қашқан жылдар нөпірі.
Босқан жұрттың қара терден құрғамайды тоқымы,
Бас қаңғыртты тіршіліктің мәнсіз ойран-топыры.
Аспан жайнап тұрғанменен қапалыға қараңғы,
Қайғыменен жібітем бе көні кепкен ғаламды.
Қодардайын қожаңдатып нақұрыс пен наданды,
Үрейленіп өтемін бе ұстауменен жағамды.
Қайырымсыздың келгені де, кеткені де білінбей,
Әрі-сәрі сарсаң етті әзәзілдің тіліндей.
Қамкөңілім тышқан тескен кебеженің түбіндей,
Сорлы өмірім бөле қырыққан ала қойдың жүніндей.
Бір құрсақтан шыққан туыс бірін-бірі танымай,
Шолақ тонмен шолтаңдайды шайлық сүтке жарымай.
Бөктергінің жемі болып, бозторғайым, жаным-ай,
Шілдей тозып шырқырады-ау шашылған ел тарыдай.
Шыр еткелі туған жердің рахатын көрмедім,
Жамбасымды ойып түсті отқа күйген жөргегім.
Қатал тағдыр, тәлкек қылар мен болдым ба ермегің,
Төгіп-шашқан мол бақыттың бір тамшысын бермедің.
Ергенменен есіркемес ит қорлықтың ырқына,
Ішімдегі ыстық жалын тепті шалқып сыртыма.
Тым болмаса мінәжат қып ата-баба жұртына,
Тұл жүрегім, зар еңіре, сай-сүйегім, сырқыра!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу