Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  114


Автор: Несіпбек Айтұлы

Тескен таудың ар жағында

Жүргеніммен қарайып басым аман,
Іштегі өртті қалайша жасыра алам?
Тұйғын текпен торғайдың ұлпасындай,
Туысым көп жан-жаққа шашыраған.
Асып кетті біреуі Бұланайды,
Барар жерін ешкімнен сұрамайды.
Бұланайдың басында қалған бірі,
Мұз бесікте жатқан соң жыламайды.
Аса алмаймын асқардан қар қалыңда,
Тескен таудың біреуі ар жағында.
Желбезектен ілініп біреуі тұр,
Көк мұхиттың жібермес қармағында.
Енді бірі қол жетпес қалды ауылда,
Құстан сәлем айтамын жан бауырға.
Астындағы жалғыз ат жамандатса,
Алмас жүзді тапсырдым қандауырға.
Кезіктірмес қатерге кімді қайда,
Тапсырғанмен бола ма бір құдайға?
Қарақшының аманат мылтығына,
Атылған оқ басынан ырғымай ма?
Алай-дүлей көңілім алаңдаған,
Өлмесе бір жолығар адамға адам.
Сілтегенін үнемі орып түспес,
Қылышқа да аманат жалаңдаған.
Дерттен өлер адамзат, шаршап өлмес,
Шыбын жанды ажал кеп алса бермес.
Оралғаннан көп боп тұр жоғалғаны,
Түсті ме әлде бір жолға барса келмес.
Сор қыспаса шіркіндер неге кеткен,
Қай жәннатқа қаңғырған кеме жеткен?
Кебін киіп аттанса амал бар ма,
Келмей ме екен кеткендер кебенекпен?
Тіршілікке телінген жұмыршағы,
Адам да бір Алланың қуыршағы.
Тентіретіп қоюды ермек көрер,
Қара жердің шыққанша ыңыршағы.
Құтылмаса қорлықтан құрықтаған,
Төңкерілген табындай кім ықпаған?
Шұрқырасып табысар күн болар ма,
Тесік өкпе қазағым, шұрық табан?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу