Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  91


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Кеңшілік аға

Кеңшілік аға,
Кең емес екен бұл жалған.
Кеңшілік аға,
Кеудеңде кетті қанша арман.
Кеңшілік аға,
Менің де мұңым махаббат ‒
Мизам шақтарда мысық көзденіп бүр жарған.
Кеңшілік деген кең етек шың ба мұз-қарлы,
Кеңшілік деген Құсжолы сынды із қалды.
Аспан ағам-ау, жырласам ба екен мен сенің,
Омырауыңнан аққан жұлдыз қыздарды...
Кеңшілік деген қарлығаш құс па шамасы?..
Қарлығаш жырдың безбенсіз қалды-ау бағасы.
Айыр қанаттым-ау, айырыла ұшқан сəтіңде,
Жабырқап қалған Торғайдың жарлы даласы.
Тобылғы толы құм ба екен Торғайдың шеті,
Сайгез жыр қалар сайғақ боп саған бір белгі.
…Кеңшілік кеші керемет өтті деп жүрем,
Жұлдызы жарық түндерді.
Кеңшілік аға,
Кең емес екен бұл жалған.
Кеңшілік аға,
Бізден де өтер бұл жалған.
Кеңшілік аға,
Менің де мұңым махаббат ‒
Қасатта қасат қарлы шыңдарда бүр жарған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу