Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  94


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Тірелді тығырық-торға кеп...

Тірелді тығырық-торға кеп,
Баста – ой, ал қолда болмады еп.
Қазағым қалаға ағылды
«Білім де, ғылым да сонда» деп.
Тұралап, кете алмай нық басып,
Қойнынан жатса да құт қашып...
Керенау қалаңа әлі де
Ауыл жүр айран мен сүт тасып.
Қызықты қаладай «ордаға» ұл,
Ал оған бірден-бір қорғаны...
Базарға салды да бар малын
Қиналып, үй де алып берді ауыл!
Ауыл, бұл алдырмас мұңға ішін
Қасқайып тұрған өр нұр-мүсін.
Қалаң да ауылға
енші алып,
Бөлініп шыққан бір тұңғыш ұл!
Арқамыз төзбеді ауырға...
Біз, осы, не бердік ауылға
Қаланы асырап, қалжырап,
Қауқары қалмаған шағында?!
Өзен-су, тау-тасты, аспанды,
Даланы...
сәбидей тастанды
Адыра қалдырған күнә аздай...
Ауылға шабуыл басталды!
Топырағы, суы да... тағылым,
Шығысы, батысы –бәрі күн!
Беті ашық тұрған бір кітабым,
Менің ол ең басты танымым!
Тарих тұр тауында, тасында,
Кен жатыр қойнында жасырған,
Жететін әлі жүз ғасырға!
Қалаң не, ауылдың қасында.
Бәрі тұр қатталып даламда,
Сөйлеймін соны оқып алам да!
Компьютер, интернет... бере алмас
Дүниенің ілімі бар онда!
Далалық дәстүрде тәлім бар,
Керек пе – тегін-ақ алыңдар.
Ауылда ибалы ару бар,
Ақылгөй ата, әже, бауыр бар...
Ауылда мейір де гүлдейді,
Шуағы мәңгілік күнгей бұл!
Жастары еліктеп батысқа,
Кіндігін ашып та жүрмейді.
Ол Ұлы бүгін де, бұрын да...
Сонда өсті қызың да, ұлың да.
Ауылың алыстан қол бұлғап,
Тұрады өз биігі, шыңында!
Пысқырмас қауесет, сөзіңе,
Түссе де қанша сын тезіне
Ауылың келмейді қалаға,
Безіне алмайды өзінен!
Сөзіме сенбе, яки сен, мейлі...
Шамы да ешқашан сөнбейді!
Қазақы рухтың ұясы ол,
Ал Рух ешқашан өлмейді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу