Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  76


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Ару қала, ай - қала...

Астана – елдің еңсесі ол, тұрысы өр,
Шаһардың барлық Атасы дәл, ұқ.
Ел де игі іске бел шеше кірісер
Абыз қаланың батасын алып!
Бізге ғана емес, жаһанға ісі үлгі
Еуразияның дәл кіндігіндегі қала.
Қаһарман рухты, қаһан мүсінді,
Екпін бар, леп бар тірлігінде жаңа!
Күн шығар тұстан арай таңдарда әр,
Елге шуақ боп тарайды армандар.
Осы күн үшін талай тарландар
Болды опат, рухы - қарайған талда әр.
Қол бұлғап тұрар күн шығар тұстан,
Астана – асқақ арманның бейнесі.
Арман боп көкке жыр шығар ұшқан...
Асан Қайғының шалған мұң кеудесін.
Елбасы салған жол, өріліп ізбенен,
Жаңа дем телір көнерген іске ой...
Абыз атамыз «Жерұйық» іздеген
Желмаясын тіздеп, шөгерген тұс қой!
Бөленіп жатыр жапан далаңыз баққа...
Серуендей бардық сақи баққа да біз.
«Жерұйық» осы Асан бабамыз тапқан -
Айналды, міне, ақиқатқа да аңыз.
Астана ару алжасыл желекті,
Аяғын ерке Есіл өзенге малып.
Алматының апорт алмасын керек қып,
Ояу тұр әлі... есінегенге налып!
Сұлу екенін өзі білмейді, әттең...
Сыбырлап айтар ғажап түн бал жырын.
Астана ояу!
Көзі ілінбейді сәтке..
Ойлаумен елдің, қазақтың тағдырын!
Ертегідей өзі... Гүл-өңіне сұқтан!
Қанатын енді ұштай бастаған,
Елбасы ойы, жүрегінен шыққан
Өміршең жырға ұқсайды Астана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу