Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  123


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Менің есімім...

Көктемде бөленгенде гүлге алап,
Майда жылы леп ескенде бір ғажап
Наурыздың шуағына бөленіп
Дүниеге мен келіппін іңгəлап.
Сəби үні өмірдің ең жақсы əні
Басталыпты өмірімнің дастаны
Еш алаңсыз өсе бердім ойламай
Анашымның ақ сүтінен басқаны.
Əкем менің заты текті асыл-ды
Анам менің жан болыпты ақылды
Биге ұқсатып елге есімі əйгілі
Шаяхмет деп қойыпты атымды.
Би дегенім халық қойған лақап-ты
Сол аймақта сот болыпты атақты
Əділ бол деп қара қылды қақ жарған
Ырым қылып есімімді атапты
Мен де осылай ұрпақ жолын жалғадым
Жігіт болдым алға сүйреп арманым.
Бірақ, бірақ заңгер емес өскен соң
Ақындықтың қиын жолын таңдадым
Шабыт кернеп отты өлеңдер жаздым кеп
(Ақынға артар дей алмаймын аз міндет)
Сот үкімін мүмкін кейде шығарту
Өлеңді ешкім шығарта алмас мəжбүрлеп!
Сан азаппен сан асудан алға астым
Жалғандықтың жағасынажармастым
ФЕМИДАНЫҢ жолын бұзған заңгер көп
Ақын емес жолын бұзған ПАРНАСТЫҢ!
Ақын дана көпке сөзін тыңдатар.
Ел қайғысы жанына оның шын батар
Кез келген сот ақын бола алмайды
Ал шын ақын ар соты боп тіл қатар!
Сөз қуатын бағаласа біліп кім
Жүзі емес пе қиып түсер қылыштың!
Түссем дағы талай тағдыр тезіне
АР атынан ақ сөйлеуге тырыстым.
Қапияда шындық жүрсе шырылдап
Ара түсер қорғаушыдай жырым нақ
Əкем, анам қателесе қоймапты
Есімімді қойған кезде ырымдап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу