Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  117


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Тəн қиналды...соңғы құсап батар күн...

Тəн қиналды...соңғы құсап батар күн,
Жан қиналды...жаһаннамға тақалдым.
Несіп етсең...дəм-тұзымды татармын,
Қолындамын, тəуіп-алыпсатардың!
Алла, сізді ұмытпадым дей алман,
Алла, сізді ұмыттым да дей алман.
Қолы-үсті қызыл қанға боялған,
Оташының төсегінде оянғам...
Отан үшін ерлер барса құрбанға,
Менің жаным түскен екен сұм қолға.
Ақшақұмар, атақ құмар, сауатсыз,
Қаныпезер қап-қара боп тұрды алда.
Жер-жаһанда жалғыз қалдым, сезінем,
Жалғыз Алла, сүйенерім өзің ең.
Сұм дəрігер сонда маған қарапты-ау,
Мал соятын қасаптардың көзімен!
Жүрегімнің əлсіреген тұсында,
Тағдыр шығар, осы дертті ұсынған.
Зауал шығар жасаған жүз күнəма,
Деп ойладым, болғаннан соң, мұсылман.
Мойындадым, Алла құдірет-мағына,
Демеу болып оралдыңыз жаныма.
Дұға оқыдым, қан қосылды қаныма,
Қайтардыңыз, жан қосылды жаныма.
Көтердіңіз түсіп кеткен басымды,
Кептірдіңіз ағып кеткен жасымды.
Көрсеттіңіз жарық күнді-асылды,
Жүрегіме өмір нұры басылды.
Бейуақ жүрек пенделерге ашынды,
Көрсоқырға көкірегім басылды.
Алла-медет, көңілім қайта тасынды,
Сізден артық таба алмадым Асылды!
Топас, надан дəрігеріңді көргенше,
Қара тасқа қойған артық басымды.
Сағат сайын шайналды да бармағым,
Тіршіліктің кенет сездім жалғанын.
Айуан басты, аша тұяқ деп жүрсем,
Білдім Сайтан адам кейпін алғанын...
Жан тынымын іздеп ойды шарладым,
Жалғыз Алла, өзің болдың ардағым,
Сонда білдім, нан жейтінін байғұстың,
Төгіп-шашып адамдардың қандарын,
Қан, көз жастан бақыт қайдан бұйырсын,
Білдірмейді шын бақыттың салмағын!
Сайтан-Адам тойым, иман жоқ онда,
Ондайлар көп біздің сайқал қоғамда,
Періште жан өліп жатыр қораңда,
Қайыршы боп кеткен жаңа одан да,
Астафралла! Тоба қылдым, тоба, Алла!
Жарығына қайта шықтым жаһанның,
Осылай бір Ажал-орға тақалдым.
Бұйырмады мүрде болып жатар күн...
Нəсіп еттің, Алла, дəмің татармын,
Қалған өмір дəмін балдай татармын.
...Мүгедек боп тірі қалдым қолынан,
Бір дəрігер-арам, алыпсатардың.
Алпыс үштен асса да отыр, ол жетпей,
Қадіріне Құдай берген сақалдың.
Сол қасаптың түспесе екен қолына,
Балалары сорлы қазақ Атамның!
Сол сайтанның қолы сал боп, не сынса,
Тақиямды көк аспанға атармын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу