Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  201


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қамқорлық

Балапанды -кішкентай құс баласын,
Тұзақ құрып, айла ғып ұстағасын.
«Жазықсыздың жанына қас қылма» деп,
Жанашыр боп араға түсті анашым.
Қас қылмай қанатты құс баласына,
Жібердім қалың ағаш арасына.
Мейірім, аяушылық тұрды толып,
Анамның көздерінің шарасына.
О, оның жете алмаспын мен шегіне,
Аспанның таң болар-ау, өлшеміне.
Таусылмас қамқорлықпен қарады ол,
Титімдей табиғаттың бөлшегіне.
Тізбектеп мен де есейдім күнді-күнге,
Жарадым қайғылыны күлдіруге.
Анамның мейірім толы қара көзі,
Менде де, нұрын шашып тұр бүгінде.
Құтылып «қатыгездеу» алақаннан,
Балапан шығар бəлкім, ана атанған.
...Анасыз бəріміз де айнымаймыз,
Шарасыз сол кішкентай балапаннан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу