Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  664


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Ананы ардақтаңдар

I
Дүниеде сенен қымбат жан бар ма?
Жетеледің жақсылыққа, арманға.
Мейіріміңнің шұғыласына шомылдым,
Қиындықта жалғыз өзім қалғанда.
Көрмесем ғой қалжыраған күйіңді,
Жүрегіме шаншу болып түйілді.
Сен үйреттің жеңе жүріп қиынды,
Бұл өмірді құрметтеуді, сүюді.
2.
Тазалықты, еңбекті сүйе білсең,
Қайырымды адал боп жүре білсең.
Кішілерге қамқоршыл, үлкендердің,
Ақылдарын-құлаққа іле білсең
Қуантасың анаңның жүрегін сен.
Анаң сенің ісіңе мүлдем алаң,
Ол-мазасыз, сен үшін жүрген адам.
Саған айтпай, оңаша күрсінеді,
Көңіліне бір кірбің кірген анаң.
Балапан да құлайды ұясынан,
Анасының ақылын тыңдамаған.
3.
Қазір де, бұрынғы өткен замандарда,
Ананы қадірлемес адам бар ма?!
Аналар-ардақтылар жасай берсін,
Əрқашан бақыттысың анаң барда.
Жайнасын бүлдіргендер, өсе берсін!
Алдынан бақыт желі есе берсін!
Есейткен Отанына тірек болып,
Көгертсін туған жердің көсегесін!
4. О, анашым, таянышым, тірегім,
Бар бақытты бір басыңа тіледім.
Мені жақсы болса екен деп қашанда,
Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің.
Туған жерім-гүлге толы кең далам,
Анама деп сол гүлдерден мен де алам.
Жүрек гүлін өзіңе арнап жиып ем,
Міне гүлім, сый ұсынған мен-балаң.
5.
Ақ тілекті анасың:
Қуат берген-тау қозғар,
Жүрек берген-ой қозғар.
Ерлік берген-ел қорғар,
Еңбек берген-жерді ойлар.
Ақ ботаңа панасың.
Күннен күнге көзіме,
Ыстық тартып барасың,
Қарызыңды өтерге,
Бір өмірім жетер ме?
6.
Балалық шақтың тілегі болған-Аналар,
Бейбітшіліктің тірегі болған–Аналар,
Космосқа ұшқан, көкті де құшқан ерлердің,
Кеудесіндегі жүрегі болған-Аналар!
7.
Отан-Ана жұбатады,
Жылаған сəтімізде.
Отан-Ана жұбатады,
Құлаған сəтімізде.
Қуат берген Отанның аты бізге.
Жиналған кезімізде,
Арманмен табысқанда.
Қиналған кезімізде,
Қарсы жүріп ағыстарға,
Отан өзі жетелер алыстарға.
Анамдайсың, аяулы ұлы Отаным.
Мен сені жеңісіммен қуантамын.
8.
Аналар жамандықты жуытпайды,
Баласына көңілін суытпайды.
Арасы алуан-алуан адамдардың,
Ананың арқасында жуықтайды.
Адамзат ардақтаған ақылдылар,
Анасын əрқашанда ұмытпайды.
9.
Қашаннан Отанымды анам деймін,
Анамнан да қымбат ол маған кей күн.
Анамдай Отанымды сүйерімді,
Маңдай тер, еңбегіммен дəлелдеймін.
Шындықтың мен сенемен өлмесіне,
Дұшпанның сендім оны жеңбесіне.
Шаршағанда бас қойып дем аламын,
Сүйікті Отан- Ана кеудесіне.
Шындығым-жаным берер бар асылым,
Отаным! Қамқоршым да, жанашырым.
Жаулардың алтынына сатылмайтын
Отаным Қазақстан баласымын!
10. «Күнім менің, мұңданба», -
Деп ойлайды анасы.
Мектепте, бақша, гүлзарда,
Көп ойнайды баласы.
«Маңдайдан жел қақпаса»,
Деп ойлайды анасы.
«Ойнама» деп айтпаса,
Деп ойнайды баласы.
«Қонар жері-қия шың»...
Қиялдайды анасы.
Туып -өскен ұясын,
Қия алмайды баласы.
II
11
Жұбатса сипап Анам –жəйімен,
Ұмытқандайын болам бəрін мен.
Қара жұмыстан қатайған қолдар
Қымбат көрінер маған бəрінен.
Күлемін –дағы, жұмамын көзді,
Ұмытпаймын еш, сірə бұл кезді,
Алтынға да мен айырбастамаспын,
«Айналайындай» бір ауыз сөзді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу