Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  156


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Тоқымашы

Қойдан қырқып жүн алып,
Жүнді суға он малып,
Бояуменен былғалап,
Тарақпенен жұлмалап,
Ұршыққа əкеп жүн тағып,
Иіріліп, зыр қағып,
Төбедей жүн ортайып,
Домаланып, томпайып,
Ширатылып, бүктеліп,
Үзілмейтін жіп болып.
Келін, қызға беріліп,
Саусақпенен теріліп,
Қайшы келіп кеміріп,
Тоқпақ келіп тебініп,
Адарғы, қылыш, арқаумен,
Өрмектермен өріліп,
Адырнадай жіптерден,
Алуан өрнек көрініп,
Гүл менен құс, шөптердің,
Суреттері төгіліп,
Күн артынан күн өтіп,
Түн артынан түн өтіп,
Төрт бұрышын түлетіп,
Əр табағын гүл етіп,
Соңғы жібі қиылып,
Жұрт көтеріп, жиылып,
Күнге жайып азырақ,
Тозаңынан ажырап –
Шыға келді жарқырап,
Көшкен қыздың көшінің,
Көркі болар – кілемім.
Өнерсіздің ішінің,
Өрті болар – кілемім.
Туған үйдің төрінде,
Көрік болар – кілемім.
Шаттығымда көңілге
Серік болар – кілемім.
Қойдан алған – кілемім,
Тойға раналған – кілемім,
Кілемімді ілемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу