Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  83


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Сен – әйелсің...

Сүйем сені,
Аяулым, алдамаймын,
Өзісің сен
Көктегі толған айдың.
Еркек деген басымды бағаласаң,
Әйел деген атыңды қорламаймын.
Сүйем сені,
Қалайша сүйе алмаймын,
Жаман атқа өзіңді қия алмаймын,
Биік тұрған басымды төмен иіп,
Сені биік ұстауға ұялмаймын.
Сен де соған лайық бола аласың,
Әйел деген қадірлі қара басың.
Ыстық, суық күндерді бірге кешіп,
Тоңа аласың,
Адамша жана аласың.
Бақытыма балаша қуанасың,
Бөлісуді қайғыны, –
Құп аласың.
Өтпекшімін аялап өмір бойы,
Азаматты асқарға шығарасың.
Сен жайлы әркім
Әртүрлі бағамдайды,
Мейлі ашпа жаңалық ғалам жайлы –
Сенің махаббатыңсыз,
О, аяулым,
Данышпан да данышпан бола алмайды.
Сүйем сені,
Көтерем төбеме тік,
Қайда барам мен сенсіз,
Сенен өтіп?
Сен – Лаура да,
Мен – ақын Петрарка,
Сені жазам
Поэма,
Өлең етіп.
Жарығынан пайда жоқ маған айдың,
Айды сенен сұлу деп қарамаймын.
Барлық сәтте бірге бол меніменен,
Қиындықты жеңе алсаң,
Бағалаймын.
Ондай сәтте сыр ашпа жанға жылап,
Өтті,
Кетті,
Мысалы алдады бақ.
Жалғыз қалған сәтімде,
Ең болмаса,
Ойымда бол,
Жүрекке – ол да қуат.
Жібек дедік,
Біз сені Баян дедік,
Ақ марал да,
Өзіңсің аяулы елік.
Сүйем сені.
Мөлдіреп көз алдымда,
Тұрғандығың үшін де
Әйел болып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу