Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  85


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Басымды саған иемін

Оралмадың далаңа,
Кеттің үлкен қалаға.
Деп әлі де үмітпен
Қарайлайсың балаңа.
Сен көктемнің шуағы,
Сен даланың бұлағы.
Жағасыңда жайқалған,
Мен бұлақтың құрағы.
Шығып қырға, белеске,
Жиі аласың мені еске.
Бөлек сенің қайғың да
Қуанышың да ерекше.
Ұлыңды ойлай бересің,
Көзіңді кеш ілесің.
Аспандағы аққудан,
Сәлем айтып жүресің.
Түсінбеймін
Мені осы
Неге ойлай бересің.
Әлі күнге дейін сен
Ұйқыңды төрт бөлесің.
Сәл күрсініп қоясың,
Шыныңды айтшы, анашым,
Неге бәрін жасырып,
Қажымаған боласың.
Қиялымда асыға,
Ертеменен қасыңа.
Барамын да басымды
Ием аппақ шашыңа.
Аппақ шалған шашыңнан,
Маған бір нұр шашылды.
Түске қарай алдыңа
Ием тағы басымды.
Бір еңбегің жанды ма?
Оған куә таң мына.
Кешке қарай басымды
Тағы иемін алдыңа.
Жан жетпейді жаныңа,
Жүрсің менің бағыма.
Үш иемін басымды
Самайыңның ағына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу