Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  223


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Азамат

Азамат!
Жігіттің екінші есімі.
Жұртшылық сынының қорытынды,
шешімі.
Азамат – ауылда әр үйдің қонағы,
Ол үшін төр дайын, ашулы есігі.
Азамат көңілі туыстас ақ гүлмен,
Жайдары жанымен қуанса шат күлген.
Ол елдің таңдаулы ұлының атағы,
Азамат болмайды кез келген ат мінген.
Ауылдан шет қонып, достармен
табыспай,
Жақсылар дәміңді бөлісіп тауыспай,
Азамат емессің, сендегі жақсылық
Жүрсе егер өз қара басыңнан ауыспай.
Азамат атану – бір рет серт беру,
Тірлікте пасықтық, күңкілді жек көру.
Тек нағыз жігіттің қолынан келеді
Өзге үшін қуану, көп үшін мерт болу.
Азамат!
Көңілдің риза шешімі,
Жігіттің шыңдалып, биіктеп өсуі.
Азамат – халықтың үмітін ақтаған
Ұлына қоятын екінші есімі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу