Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  239


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Шаңырақ

1
Жас келіншек жанарынан нұр ұшқан,
Күлкісінен көңілсіздік ығысқан.
Шығушы еді ән шырқатып қырманға,
Ән шырқатып қайтушы еді жұмыстан.
Көп еді оның бақыт жайлы өлеңі,
Бар еді оның ел сүйсінер өнері.
Бар еді оның сүйген жары қасында,
Құшағында былдырлаған бөбегі.
Меруерт алқа шешілмейтін мойнынан,
Көңілді еді, хабары жоқ қайғыдан.
Жұп жазбайтын көп болатын достары,
Шағын үйден тарқамайтын той-думан.
Тек бұл емес, бақытты еді барша жұрт,
Таңды жүрген еңбегімен қарсы алып.
Құшақ жая шығатын ел далаға,
Дала оларға жатушы еді ән салып.
Уақыт зулап, зулап өтіп күн деген,
Таусылмайтын тірлік атты дүрбелең.
Жас келіншек сыңғырлаған күлкінің
Тынар күні бар екенін білмеген.
Сұлу жүзі күннен-күнге гүлдейтін,
Ашық мінез қабақ шытып жүрмейтін.
Бұл келіншек жарқылдаған жанарын
Бір күндері жас жуарын білмейтін.
Тұнып тұрған дала үсті нұрға бар,
Мөлдір суға толып тұрған жылғалар.
Бейбіт жатқан даласына қазақтың
Жетті сол жаз «соғыс» деген сұм хабар.
Суық хабар жетті солай тосыннан,
Бір кем емес көктен түскен жасыннан.
Бейбіт жатқан бақытты елдің осылай
Бір-ақ күнде берекесін қашырған.
2
Туған елге қатер төнген шағында
Өртенеді ер ыза-кек пен жалынға.
Жас келіншек жылап тұрып сол жазда,
Қан майданға аттандырды жарын да.
Айрылысар күнді ойлаған жоқ олар,
Бәлкім жауды жеңіп, аман оралар.
Қалтасына салды жалғыз жарының
Кетер түні кестелеп ақ орамал.
Ет жүрегін азап, үрей қорлаған,
Күндерде бір тыныштығы болмаған
Жас келіншек бір хат алды жарынан
Сталинград майданынан жолдаған.
Жазған екен сағынғанын жас жарын,
Сағынғанын туған дала аспанын.
Жазған екен бораған оқ ішінде
Жоғалтқанын талай қимас достарын.
Жазған жарға көрген елес-түстерін,
Ауылдағы өткен-кеткен істерін.
Жазыпты оған қорықса да шындығын,
Жараланып госпитальға түскенін.
Жазған тағы госпитальдің көшкенін,
Дейді қазір ауырмайды еш жерім.
Мынау хатта ұзақ жазған асықпай
Жауды атқанын, етікпен қан кешкенін.
Жазған солай ауыр майдан күндерін,
«Мықты бол» деп бар ақылын, білгенін.
Қалтасында кестеленген орамал
Оқ тисе де жоғалмастан жүргенін.
Депті әлі жауды жеңер алда күн,
Елестеткен аман елге барғанын.
Жары кемпір, өзі шал боп, ұлының
Ержеткенін көру дейді арманын.
Ыстық жасқа түнде жастық боялды,
Жараланған жарды ойлайды, аяйды.
Су сұраған даусы келіп құлаққа,
Жас келіншек талай шошып оянды.
3
Ұлын құшып әлдилейін деп еді,
Түспеді еске жалғыз ауыз өлеңі.
Қорқынышын ұлғайтты оның тағы да
Ауырып қалған, сұлық жатқан бөбегі.
Тағы шошып ерте оянған беті осы,
Басы айналып зырқылдайды шекесі.
Кеше кеште қызып-жанып ауырған,
Бүгін таңда оянбайды бөпесі.
Жанұшырып жұлқылады, қозғады,
Дауыс салды, еңіреді, боздады.
Бүгін таңда оянбады сәбиі,
Мамасына саусақтарын созбады.
Енді ем жоқ-ау жүректегі жараға,
Айтқаныңмен айқай салып далаға.
Көз алдында сәбиінен айрылу –
Одан асқан қасірет жоқ анада.
Зарлады енді, ақ маңдайын тасқа ұрды,
Мөлдіреген жанарына жас тұнды.
Қолындағы жұбанышын, қызығын
Қара жердің қойынына тапсырды.
Қасіреттің түсіп солай торына,
Құтсыз үйге құлып салды торыға.
Баласынан «қара қағаз» келген бір
Барып кірді жалғыз кемпір қолына.
Жас келіншек бақты солай шешейді,
Өзі де ерте егде тартты, есейді.
Үйін жапты.
О, сонау бір сұм соғыс
Қалдырмады дейсің иесіз неше үйді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу