Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  229


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жол үстіндегі сурет

Қиялым ұшқыр желімен дала жанасып,
Келемін таныс белестен зулап әрі асып.
Аспанның мынау астына сыймай
қалғандай,
Үстінде жолдың қос торғай жатыр таласып.
Таласып жатыр бір-бірін қуып шеткейге,
Біріне бірі жолымнан әлде кет дей ме.
Керексе қоныс кең әлем толы көк орман,
Жалғыз-ақ бұта жүзіне соның жетпей ме?
Таласып жатыр қанатты шаңға көмбелеп,
Біріне жеңіс, біріне әділ жол керек.
Қарайтын емес төніп те келген ажалға,
Қағады-ау енді зуылдап өткен дөңгелек.
Сірә, бұл талас жатқан жоқ жүріп дән үшін,
Жатқан жоқ жүріп баянсыз
бақыт-бақ үшін...
Кішкене тұмсық топшының қанын ағызып,
Торғай да болса қалмақ-ау қорғап
намысын.
Не жетпейді екен, жөнімен ұшса
болмай ма,
Тал деген көп қой, қалауын тауып
қонбай ма?
Кім білген мынау күреске толы өмірдің
Алаңы ортақ екенін тіпті торғайға...
Дөңгелек зулап төнгенде тағы кенеттен,
Сорлылар деп ем көзбе-көз ажал кереккен.
Қас қағым сәтте жан-жаққа ұшып құтылды,
Торғай да болса қанаты барға не жеткен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу