Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  120


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Өлең жазарда

Бұлт кешіп Алатаудың басында анау,
Ақ жауын Алматыда ашылмады-ау.
Менің де жүрегімде таң атқалы
Бір сезім алай-дүлей басылмады-ау.
Кетсем бе сонау таудың баурайына,
Сырымды айту үшін бар қайыңға,
Қосылып жылайын ба ақ жауынға,
Жоқ, әлде баққа барып жаурайын ба?
Әйтеуір кеудем тынши алмады да,
Бойымда қайсар күшім қалмады ма,
Жүрегім тағдыр жүгін ауырсынып,
Жаншылып бара ма екен салмағына?
Ұқпаймын іздейтінін көңіл нені?
Шаруаға ойым мүлде бөлінбеді.
Келеді солай жаңа жырдың жолы,
Нөсерлеп ақ қағазға төгілгелі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу