Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  139


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ескерткіш тіл қатады

Бойымда әнім де жоқ, жалыным да,
Билерше салынбады қабірім да.
Өздерің кейін соққан тас мүсіннен,
Жас ұрпақ, мына мені таныдың ба?
Бабаңмын кешкен талай сайран кездер,
Паш етіп сырын әнмен жайған кездер.
Әлі де бозбаланы ғашық етіп,
Арманда өтесіңдер, айнамкөздер.
Сәл кідір, алды-артыңды ойла, балам,
Кім мына тіршілікте тойламаған?!
Бір кезде отыз ұлы болған Медет
Баласыз қаламын деп ойламаған.
Мәңгі емес барлығы да, осыны аңғар,
Жетпеген дүниеге жасымаңдар,
Ертеңім не болмақ деп ойламайды
Кезінде бақ-дәулеті тасығандар.
Бәріне жетіп қалды қолым деме,
Асқақтап, болдым деме, толдым деме.
Қайғыртса өмір, қайта қуантады,
Ақиқат бір айтылар ол күнде де.
Алатын болған емес айлығым да,
Елдегі көңіл бөлдім қайғы-мұңға.
Сен мені танымас ең өткен болсам
Мастанып төре тұқым байлығына.
Өмірге ешкім екі оралмаған,
Шын өнер жер бетінде қалар, балам.
Мың жылқы айдағандар тірлігінде
Далаға ескерткіш боп қала алмаған.
«Дүние – қызыл түлкі бұлаңдаған»,
Пенделер билік, таққа құмарланған.
Ең бақытсыз адамдар – сезімсіздер
Өзге жанның хал-күйін ұға алмаған.
Өмір де ұзақ емес, соны ұққайсың,
Ез болсаң, жақсылыққа жолықпайсың.
Ақ ниетпен достасқан адамдардың
Көңілін қалдыруға қорықпайсың,
Ескерткіш мен бе, әлде мен емес пе?
Тас мүсін тең бе маған, тең емес пе?
Ұрпаққа ризамын ұмытпаған,
Қайтер ем өте берсе, елемесе.
Өмірде бар болатын әлі де есем,
Алмайсың елестете әлі де сен.
Мұхит ем, бір аймақтың серісі едім,
Өткен бір шекпен киіп шал емес ем.
Өнердің көремісің құдіретін
Ғасырмен бірге талмай жүгіретін.
Сендерге әнім жетті, ал өзімнің
Қалмады тым болмаса суретім.
Жолдас боп күн кешпедім пақырлармен,
Тең түстім жаяу жүріп аты бармен.
Ақын қыз, замандас боп жолыққанда
Өзіңді бір айтысқа шақырар ма ем?!
Мал санап, пенде болып күн кешпедім,
Наданнан бөлек жүрдім, тілдеспедім.
Қаладым ән-жыр толы жүрегімнің
Арманшыл жүректермен үндескенін.
Адамда арман шіркін бітпейді екен,
Зулаған жүйрік уақыт күтпейді екен.
Сезгенім, тағдыр да өз алуан жүгін
Қашан да ойлыларға жүктейді екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу