Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  103


Автор: Аманхан Əлімұлы

Бір түйір қандай жансыз қатқан көзге...

Бір түйір қандай жансыз қатқан көзге,
Еріксіз жас үйірер татқан кезде, –
Ұнатам жусанды мен кермек дəмді,
Тағдырдың керегі жоқ жаттан да өзге.
Жарық дүние жаршысы ала таңға,
Аузын ашқан тіршілік балапан ба?
Өмір, сосын өлім де еншім менің,
Түскен сызық секілді алақанға.
Жұлдыздар мен жұлдыздар ымдасқанда,
Қарап жатып тұңғиық түнгі аспанға, –
Ауырмай да, сырқамай өлсем деймін,
Жүрегімді тəтті бір мұң басқанда.
Мезгілінде сарқып-ап сезім легін,
Дұрыс шығар кезінде көз ілгенім.
Күздің күнгі жапырақ сияқтанып,
Желге ұшты қаншама сөзім менің.
Желдей тұрған сап-салқын есіп желең,
Кермек дəмді тағдырды кешіп келем.
Бір түп жусан анамның қабірінің,
Өсіп тұр деп басында есіткен ем.
Түлкі індетті алдырмас айлаңызға,
Тірлік шіркін ұқсайды жайма мұзға.
Қалды жастық бұлттай көшкен бастан,
Қалды сосын армандай Лəйла қыз да.
Шегі-шеті сағымдай қусаң, кілең,
Жеткізбейтін далада тусаң, білем, –
Түсінесің сен менің кермек дəмді,
Ұнататын сырымды жусанды мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу