Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  134


Автор: Аманхан Əлімұлы

Өкініш

І
Етегін сезім-көлдің жел түрдің бе,
Жайларды көз алдыма келтірдің не.
Күйеуге шығып кеттім дегенше сен,
Одан да махаббатты өлтірдім де.
Өмірдің сезіп-білген күйіс-кемін,
Салуға кірбің жанға тиіспедің.
Сезіммен ешкім біліп сезбей-тұғын,
Өзіңмен түсті есіме сүйіскенім.
Отырдық дарияның жағасында,
(Ашылған бал шағымның бағы осында)
Эх, менің өліп тынған махаббатым,
Қасыңды айдай қиық қағасың ба?
Жағаның құлағаны былай қалып,
Дария жылжып аққан ылайланып.
Отырдық сусыма құм үстінде біз,
Тұр-ау тек арамызға сына Ай қағып.
Неге біз жолығыстық ерте кеште,
Желең жел не жайларды шертеді еспе.
Махаббат өлсе оның тіршілігі,
Сабындай қамшының келте емес пе?
Келетін небір ойлар жел түрдіңге,
Бердің сен ғашықтықтың еркін кімге?!
Күйеуге шығып кеттім дегенше сен,
Одан да махаббатты өлтірдім де.
ІІ
Қасықтай қақты тұнған олқысынбай,
Шомылып жатып алды жол тұсында Ай.
Көңілсіз келем үйге ілбіп басып,
Еріксіз жемге үйренген қол құсындай.
Мезгілсіз белден алар қаппа сызды,
Неге мен жолықтырдым шақта Сізді.
Табиғат һəм жүрегім жетімсіреп,
Мұңлылау кештік күйді бақта күзгі.
Із қалмай тыныштықтан құлаққа ұрды,
Шешілмес алда таудай сұрақ тұрды.
Былдырлап сыр ашатын айналаға,
Неге біз бола алмадық бұлақ құрлы?
Көңілмен қызыл түлкі қашты құмға,
Беріліп тұрғанымда жасты мұңға, –
Бала кез түсті есіме ауылдағы,
Түсті еске қаладағы жастығым да.
Оны бір мұңды соққан бейне делік,
Көңілді мазалайтын кейде келіп.
Күйедей түскен қалы кілемшеге,
Жанымды жабырқаулы жей ме желік.
Көрсетіп Ай үлгісін салқындықтың,
Көзім де кешті күйін жалқын шықтың.
Сен де бір қол құсындай жан екенсің,
Қауқарсыз қалма көңіл қалпыңды ұқтым....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу