Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  98


Автор: Аманхан Əлімұлы

Бір тартылған қайтадан толар ма айдын...

Бір тартылған қайтадан толар ма айдын,
Болып қойған болары болар жайдың.
Ертектегі секілді алтын айдар,
Балалыққа қайта мен оралмаймын.
Мойын ерте ұсынып қоян жайға,
Қалғып кеткен қам көңіл оянбай ма?
Қатар сиреп, сырласар кісі азайды,
Жалғыз-жарым жанымды қоям қайда?
Бітпей-тұғын күйбеңі тірлік мына,
Сарқылмайтын теңіздей сырды ұқтыра, –
Қысқан кезде өкпемді өксік буып,
Қызық ауды басымнан қырлық бұла.
Үйірілгенде үйдей бір басыма мұң,
Десе досым дем беріп жасымағын, –
Арашалап қалардай ажалдан да,
Мас адамдай мойнына асыламын.
Өтті-кетті тіршілік қызық білем,
Айдынында жүретін жүзіп кілең.
Жалғастырар жадымның жақсы тұсын,
Жалғай алмай келемін үзікті мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу