Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  107


Автор: Ахмет Өмірзақов

Ақындықтың бақыты - асқан бақыт

І
Күлден жасап даңқының мұнарасын
Жүргендерде –
Бар Сенің мың аласың!
Айтарыңнан тосылма,
аңғал жұртқа
Еркіңде емес ұнарың, ұнамасың.
Арыл деп ара-тұра мұң-шеріңнен,
Сендейлерге семсердей тіл берілген.
Отқа кетіп қалсаң да өкінбессің,
Найзағайдай көзді алып бір көрінсең!
Білегіңді буғанмен «шатпақ» бүгін,
Тас жарады бір күні шақпақ тілің!
Қолыңды соз,
Таулардың кеудесіне,
Ақиқаттың ілуге аппақ гүлін!
Барған сайын бұл соқпақ шиырласар,
Жақынға емес, көзіңді қиырға сал!
Тайсақтамай тұлғаңды тік ұстасаң,
Кесе алмайды жолыңды Құйын-Тажал!
Өткел іздеп жүргенде өткелектен,
Алтын сөзі талайдың текке кеткен.
Өзін қаза еткенмен,
сөзін таза
Ұстағандар қашанда Сертке жеткен!
Ақын болсаң жоқ бұдан басқа амалың,
Арың ғана – жалғыз-ақ жасқанарың!
Шыңға қолың жетпейді,
Кеудеңдегі
Күдіктердің қиратпай тас қамалын!
Біз бар жерде қайғы мен қапалық бар,
Қапалықтың өзінен От алып қал!
Тілеп тұрса Тағдырың,
Құларыңда –
Қыран болып құз тасқа қадалып қал!!!
ІІ
Солай, інім, шындығы солай, інім,
Болат болу – арманы қалайының!
Жыр деген Қан майданның қазанында,
Басы қалған біздейдің талайының!
Қайсарлықтан бас тартпай бəрібір де,
Жасықтықтан тым аулақ салып ірге, –
Жан қалауын табатын жалғыздықтан,
Ақынның Ақиқатпен жаны бірге!
Ақын сөзі – тіл безер дəріс емес,
Ақ сөйлеуде болмайды жарыс, егес!
Арамдықтан, қулықтан ада Болмыс –
Жаратқаннан басқаға қарыз емес!
…Тағдыр кешіп – талқысы тиылмаған,
Арпалысқан күндермен – құйындаған;
Ақындықтың бақыты –
Асқақ бақыт, –
Пайғамбардың өзіне бұйырмаған!
Ібілістің шыға алмай иірімінен,
Шындық қалса жалғанның жүйрігінен, –
Ақын -дағы оянған бір Жанартау,
СӨЙЛЕ! –
деген, АЛЛАНЫН БҰЙРЫҒЫМЕН!
Тірілердің санамай күшін кемге,
Ірілерді ұққан жөн – ісінгенше.
Көр -лақатқа құлайды «құдай -қоғам»,
Айтқандарын Ақынның түсінгенше!
Тар жалғанның болса да тажалы көп,
Безбейді Ақын бəйіттен жазалы боп!
Жану үшін туғандар сөнген емес,
Сөнбеу үшін туғанның Ажалы жоқ!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу