Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  263


Автор: Назира Бердалы

Қызыл көйлек...

Қызыл көйлек...
Бүгін оны кимедім.
Қызықпас кім қызыл киген сұлуға?
Жоқ, әлде мен қызыл түсті гүл ме едім,
Ешкімнің де қақысы жоқ жұлуға?
Еш себепсіз...әйтеуір бір себеппен...
Еліттік-ау сенің ессіз күйіңе,
Көзді арбаған, көре алмасты қор еткен
Қызыл көйлек, қызыл-жасыл дүние!
Дүние, сенің шыңдарыңа шықтым мен,
Қызыл Күн де жанарынан өптірді!
Тайталастым мынау деген мықтыңмен!
...Күн сөнген соң, жанарымда кеш тұрды...
Елемей-ақ қойсыншы деп ешкім де,
Қара көйлек киіп алғым кеп тұрды.
Қараңғылық...һәм тыныштық неше күн,
Нешеме ойлар, неше өкініш, неше мұң...
Қара көйлек...
Мақпал ақын жырлаған,
Қара жәшік күйін ғана кешемін.
Қара көйлек, сені бүгін шешемін!
Ататындай мүлдем басқа таң алдан,
Қызыл емес, аппақ нұрдан жаралған...
Мен өткенді қызыл отпен өртеймін,
Сөндіремін қара жаңбыр суымен,
Мен бәрін де өшіремін санамнан.
Тағдырыма өзім ғана иемін,
Жеңіл ғана...аппақ көйлек киемін.
Аппақ көйлек, аппақ үміт, ақ арман!
...Адамның жаны бар ма екен,
Ақ кебін кимей тазарған?...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу