Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  159


Автор: Сабырхан Асанов

Қарағым, қарағым-ай

Деп жатсам мен:
– «Қарағым, қарағым-ай
мына әлемнен мен сені қаладым-ай.
Көрінбесең,
күндіз-түн күңіреніп,
көрінсең, көз алмастан қарадым-ай.
Қарағым-ай,
қайдасың, қайда жүрсің,
бәлкім гүлі ырғалған сайда жүрсің,
бәлкім, гүлі құлпырған қырда жүрсің,
әлде, сонау жап-жарық айда жүрсің.
Ақ нөсерді түсіріп алшысынан,
әлде айналдың найзағай қамшысына.
Әлде мына жанарды жаспен сызып,
айналдың ба мөп-мөлдір тамшысына.
Қайда жүрсің,
боп кетті күйбеңім көп,
қалам кейде түстегі күйді өңім деп...»
Сонда әйелім ас үйден дауыстайды:
– «Не ғып зарлап отырсың, үйдемін!» – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу