Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  124


Автор: Сабырхан Асанов

Қазақстан

Қазақстан,
еркін ескен самалындай Арқаның,
аңқылдаған ақ көңілім, дарқаным.
Қазақстан,
ат болар ма сенің аяулы атыңдай,
жалғызымсың менің махаббатымдай.
Көкіректе сен деп бір сөз жүр дайын,
сағынысқан,
аңсап жеткен жырдайын.
Күні бүгін бір адамның аузынан
айтылмаған,
тартылмаған сырдайын...
Сол сөзімді айтсам деймін мен бүгін,
қуанышым –
құшақ жетпес кеңдігің.
Алатауың –
асқақтаған мақсатым,
Қаратауың –
қазып бітпес кең бүгін.
Асқарланып Айға жетсе астығың,
қырманыңда өтті өрттей жастығым...
Бұл дүниеде мына менің алдымда,
абыройы артып сенен асты кім?!
Тамырымда тулап аққан қанымсың,
кеудемдегі тұрған тәтті жанымсың.
Ата-анаға арналатын ақ сезім,
жарқылдаған көзімдегі жалынсың.
Сен күлкімсің,
көз жасымсың, әнімсің,
алға сүйрер арманымды әр ісің.
Күндіз-түні өзім қарап тоймайтын
мына жарық дүниенің әрісің...
Қазақстан,
ескен еркін самалындай Арқаның,
аңқылдаған ақ көңілім, дарқаным.
Қазақстан,
ат болар ма сенің аяулы атыңдай,
жалғызымсың менің махаббатымдай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу