Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  87


Автор: Сабырхан Асанов

Кел, кемпір енді, баяғыдай боп майысып...

Кел, кемпір енді,
баяғыдай боп майысып,
өткенді еске ап,
отырайық біраз шай ішіп.
Отырайық біраз
барлығын сыр ғып, шертісіп.
Бұл тірліктің
біткен дейсің қай ісі.
Ойлармен зулап,
жас шаққа сол бір барайық,
жап-жас боп қана
мөлдіреп, тұнып қалайық.
Сен қыз боп қайта,
қайтадан мен де
жігіт боп,
қызығып қана,
қысылып қана
астымен көздің қарайық.
Қолыңнан ұстап...
бола ма жаста ерсілік,
сен сынық тартып,
мен батыл тартып, ерсініп.
Шайынды құйшы,
алаңдай бермей әрнеге,
маңдайым жіпсіп,
келеді жаңа тер шығып.
Көктемді кешіп,
айнала беріп көк талды,
қараумен саған,
көздерім менің көп талды...
Тыңдай ма сенің
шайыңменен жайыңды,
азан да қазан
немерелер де кеп қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу