Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  165


Автор: Сабырхан Асанов

Көкжиекте жатыр Жоңғар таулары...

Көкжиекте жатыр Жоңғар таулары,
аспан астын алып жатқан аумағы.
Қатпар-қатпар болып жатқан сол таулар,
жүрегімді бір жолата жаулады.
Қанша заман еткен, қырғын, күрестен,
әрқайсысы өз сыбағасын үлескен.
Қайғыдай боп қатқанменен тастары,
үміттей боп құшағына гүл өскен.
Қанша заман қалың елдің мұң-зарын,
қабырғасы қайысып бір тындады.
Теңірегін түгел қоршап тұр асқақ,
Қаракерей Қабанбайдың шындары.
Қанша заман қалың елді үркітіп,
қанша заман тек сойылды пір тұтып,
шапқыншылық көрген мына көп таулар,
тек жақсылық күнді ғана тұр күтіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу